Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Мемлекет басшысы кәсіпкерлікті қолдау жұмыстарын басынан бастап реттеу керегін айтты.
Азаматтарды әуреге салатын көптеген талаптар мен құжаттардың орнына ықшам әрі түсінікті ережелерді бекітуді тапсырды. Бұл жұмыс 2024 жылдан бастап толық іске асуы қажет. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік сатып алудың жаңа жүйесі жасалатынын жеткізді. Ол үшін бірыңғай платформа құрылады. Президент көптеген жоба кейбір кәсіпкерлер мен шенеуніктердің майшелпегіне айналғанын айтты. Енді бұған тосқауыл қойылмақ. Ол үшін жаңа заң қабылданып, келісімшарттар қалың көпшілікке ашық болмақ.