Шымкентте қаржы пирамидаларынан зардап шеккендер Әл-Фараби аудандық сотының ғимаратына келді. «Гарант 24 Ломбард», «Estate Ломбард», «Пайдалы несие » салымшылары тек компания басшыларын ғана емес, қарапайым менеджерлер мен кассирлерді де жауапқа тартуды сұрайды. Компанияларға сеніп, қарызға белшесінен батқан шымкенттіктер қылмыстық істе бұрмалаушылық бола ма деп күдіктеніп отыр.
«Біз заңдылық пен әділдікті талап етеміз». Бұл «ақша салып, байып кетесіз» деген жарнамаға иланған халық. Қаржылық пирамидаға сеніп, алданған шымкенттіктер бүгін Әл-Фараби аудандық соттың алдына келіп, талабын жеткізді. Сөздерінше, «Гарант 24 Ломбард», «Estate Ломбард», «Пайдалы несие » секілді пирамида өкілдері халықты ерекше әдіспен алдап-соққан көрінеді.
Айдар Түймебаев, жәбірленуші: «Қазір халықтың жағдайы мүшкіл. Үйсіз жүргендер де бар, бизнесін салып жібергендер де бар. Банктен қарыз алып шоттары құлттанып қалғандары да бар. Жалпы айтқан кезде қазақ далада қалды. Біз әділдікті кімнен іздейміз? Олардың негізгі бағдарламасы ҚР аумағына терминалдарды орнатамыз деді, Терминалға түскен 50 теңгеніің 25 теңгесі сіздіңкі, 25 теңгесі біздіңкі деді. Ауыл аймақтың бәрін сондаймен қамтимыз деді. Бізге инвестиция ретінде саласыздар деді».
Ақшасынан қағылған жәбірленушілер 3 жылдан бері қақапаған есігіміз қалмады дейді. Әрі олар соттың қаржылық пирамида менеджерлері мен кассирлерін «күдікті» ретінде қарастырмағанына наразы.
Сарагүл Досмаилова, жәбірленуші: «Осы қылмыстық істі Шымкент қаласында түбегейлі тексермегендіктен, қылмыстық істі ашпағандықтан тек құрылтайшыларды ғана «күдікті» ретінде танып, іс бітпей қалғандықтан бөлектетілген іс болып қаралып жатыр. Ешқандай сетевиктер, менеджерлер, кассирлер күдікті болып танылмады. Ақша қайда? Инкассаторлар отырады, олар алдық біреуге бердік дейді».
Соттың әділ шешім шығаруын талап етіп келгендерді Әл-Фараби аудандық сотының судьясы қабылдап, наразылықтарын тыңдады. Айтуынша, қазір Шымкентте 270 жәбірленушінің атынан 4 адамға қатысты іс жүргізіліп жатыр. Ал жұрт айтқан ірі компанияның басшыларына қатысты Ақтөбе қаласының соты шешім шығарады.
Сәбит Төреханов, Әл-Фараби аудандық сотының судьясы: «Қазіргі таңда 24Ломбардқа қатысты 4 адам менің ісім бойынша өтіп жатыр. Ол іс қазір қаралуда. Ол туралы сіздерге ешқандай мәлімет бере алмаймын. Себебі, біз қазір істі қарап жатырмыз. Бірақ біз мына іс материалы бойынша, Ақтөбеде өтіп жатыр».
Жалпы қазіргі таңда қаржылық пирамиданың құрбаны болған 11,5 мың шымкенттік ақшасын қайтара алмай жүр. Олардың ең азы 300 мың тг, ең көбі 58 млн. теңгеге дейін қаржы салған. Ақырында сан соғып қалған жәбірленушілер соттың әділ шешім шығаруын талап етіп отыр. Сондай-ақ халықты мұндай адамдарға сенбеуге шақырады.