Мемлекет басшысының жұмыс сапары шырайлы Шымкент қаласында жалғасты. Қонақжайлылығымен, ұлттың ұясы деген атымен танылған киелі өңір жайлы жергілікті жұртшылық алдында сөйлеген сөзінде Президент Шымкентті еліміздегі табиғаты да, тұрғындарының ықылас-пейілі де ерекше ыстық жердің бірі ретінде атап өтті.
«Қазақ руханиятында Шымкент шаһарының орны бөлек. Бұл – ұлт дәстүрінің берекелі бесігіне айналған қала. Сондай-ақ, қазақы қасиет пен ыстық ықыластың символы. Бұл – үздік мәдениет пен ұлттық этикеттің тоғысқан жері. Ұлыларды ардақтау, үлкенді сыйлау – сіздердің басты ұстанымдарыңыз. Шымкент – ұлтымыздың өсіп-өнген, көктеп-көбейген мерейлі мекені. Сондықтан мен шырайлы қаланың халқын Жерұйығын тапқан жұрт деп сеніммен айтамын», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Шымкенттің соңғы әлетте даму қарқыны, экономикалық өсімі, демографиялық дамуы туралы да тілге тиек етті. Елімізде дүниеге келетін сәбилердің төрттен бірі күнгейліктерге тиесілі екендігі айқын, осыған орай білім ошақтарының санын көбейту қажеттігі туындап отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкент жұртшылығымен кездесуінде бірқатар мәліметтерді айтып өтті. Шымкентті дамытуға 170 миллиард теңге қаржы бөлінді,
1,5 триллион теңгеден астам инвестиция тартылды. Осыған орай қала бюджеті 4 есеге өсті. Соңғы уақыттарда кәсіпкерлік саласы, өнім өндіру қарқыны артып келеді.
қаладағы өнеркәсіп өнімі 65 пайызға артқан. Қалаға қоныстанушылар қатары да артып отыр, оған демографиялық өсімді қосыңыз. Аумағы 2,5 миллион шаршы метрден асатын тұрғын-үй салынды.
Соңғы жылдары шағын және орта бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 40 пайызға жетті, осы салада 180 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Соңғы кезде шаһарға іргелес жатқан 41 елді-мекен қосылды. Халықтың әл ауқатын жақсарту, заманға сай инфрақұрылммен қамтылуын қамтамасыз ету де назардан тыс қалмаған. Инженерлік инфрақұрылымның қуатын арттыруға 4 жылда республика бюджетінен 135 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлінді.
Жылдың соңына дейін 15 мың тұрғыны бар Құрсай аумағына ауыз су жеткізіледі. Бұдаг бөлек, қала аумағындағы шағынаудандардың басым бөлігі сапалы ауыз су, жарық, табиғи газбен толық қамтамасыз етіледі.
Шымкентте 5 жылдың ішінде 101 мектеп салу жоспарланған, қалада соңғы екі жылда 50 жекеменшік мектеп ашылды. Бала санының артуына байланысты мектептер санын тағы да арттыру қажеттігі туындап отыр.