Үшінші мегаполис көшелері тағы қоқысқа толды. Өйткені, қалдық тасымалдаушы компаниялар қатты тұрмыстық заттарды тазаламаған. Олар дизельдік отынның қымбаттауына байланысты міндетін орындамаған көрінеді. Бірақ бұл себеп айыппұлдан құтқара алмайды.
Қалалық экология департаменті Абай ауданына қарасты компанияға 689 мың теңге айыппұл салды. Ал, Әл-Фараби ауданында ҚР ӘҚбтК 505 бабы бойынша 1104 әкімшілік хаттама толтырылып, оның 1097-не ескерту жасалған. Сонымен қатар, жеті қоқыс жинайтын компанияға 336 930 теңге айыппұл салынды.
Марат Тәжібаев, Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары: «Қазіргі таңда кейбір қоқыс алаңшаларында қоқыстар көп жиналып жатады. Қарбыз маусымы дейді ғой, соған байланысты, шыны керек, кейде бір алаңды екі-үш рет тазалауға тура келеді. Қазір аталған мекеме өз міндетін тиісті деңгейде орындамағаны үшін тұрғындардың да құқығы бар қазір, азаматтық тұрғыдан қарағанда. Өздері келісімшартқа сәйкес олар барып сотқа жүгініп, болмаса басқа бір мекемені таңдау құқығы бар».
Егер мердігер мекеме қоқысты дер кезінде тазаламай, келісімшарт бойынша өз міндетін орындамаса, тұрғындар сотқа жүгіне алады. Мұндай жағдайда компанияға айыппұл салынады. Әрі халық шағымын экология департаментіне де білдіруіне болады.