Шымкентте Денсаулық сақтау басқармасы мен Оңтүстік Қазақстан Медициналық академиясының бастамасымен ерекше шеберлік сыныбы өтті. Қаламызға арнайы шақыртумен келген ресейлік білікті дәрігер, қатерлі ісікті қалай жеңіл түрде алып тастауға болатынын көрсетіп берді.
Шымкенттегі онкологиялық орталықта Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының қолдауымен шеберлік сыныбы өтті. Онда Мәскеуден арнайы керген хирург 2 күн бойы аз инвазивті тәсілмен қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға 9 операция жасады. Орталық директоры, операциялар шетелдік дәрігермен алдын ала келісіліп, маман жоспар бойынша шақырылғанын айтады.
Жақсылық Мәуленов, Шымкент қалалық онкологиялық орталықтың директоры:
«Біздің ауруханада бүгін 5 ота, ертеу тағы 4 ота. Барлығы 9 ота бар, тағы да 1 отаны қосамыз деп ойлап отырмыз. Бұның ерекшелігі малоинвазивті. Яғни, бәрін кесіп тіліп жасаса, мұнда лапароскопиялық әдіспен жасайды».
Ресейлік дәрігер Эдуард Галлямов дүниежүзіне лапароскопиялық әдіспен ота жасау бойынша алдыңғы орында тұрған үздік мамандардың бірі. Ол жылына мыңға жуық адамға ота жасайды. Ал оның біліктілігін мойындаған жандар әлемнің түпкір-түпкірінен арнайы іздеп келіп, емделеді екен. Сондықтан ол отандық ақ халаттылармен өз тәжірибесімен бөлісу үшін арнайы шақырылды.
Эдуард Галлямов, Ресейлік хирург, медицина ғылымдарының докторы:
«Менің бұл жолғы сапарым тек Шымкентпен шектелмейді. Бұған дейін мен Шу, Тараз қалаларында болдым. Ал Шымкентте тағы 2 күн боламын. Бұл эндохирургиялық морофон деп аталады. Заманауи технологияның көмегімен үлкен команда болып операция жасайтын боламыз. Менің міндетім — Қазақстанды аралап жүріп, дәрігерлерге ерекше оталарды көрсетіп, хирургияның осы қырларын тез үйреніп алуына көмектесу. Қазір урологиялық қатерлі ісікпен ауырған науқасқа операция жасап жатырмыз. Одан кейін ішек қуысына жасалатын болады. Оның ішінде тоқ ішекке 2 өте ауыр ота жасалады. Операция үстелінде жергілікті дәрігерлерге өзімнің тәжірибеммен бөлісемін».
Онкологиялық орталықта 2 бүйрек, 2 ішек және асқазанның қатерлі ісігіне операция жасалды. Бұл отаның бәрі де арнайы экран арқылы көрсетіледі. Және ол онлайн көрсетілімді тек аурухана хирургтары ғана емес, облыстағы басқа да дәрігерлер көріп, өздеріне тәжірибе жинайтын болады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сай халық денсаулығын жақсарту бағытында шымқалада ауқымды жұмыстар атқарылуда.