Сарыағаш ауданында оқушысын зорлады деген күдікке ілінген мұғалімге қатысты тергеу аяқталып, іс сотқа өтті.
Естеріңізге сала кетейік, шамамен осыдан 4 ай бұрын Сарыағаш аудандық полиция басқармасына жергілікті тұрғын кәмелет жасына толмаған қызына қатысты жыныстық сипаттағы іс-әрекет жасады деп, жергілікті мектеп мұғалімінің үстінен арызданған болатын. Оқиға бойынша мектеп мұғалімі 9-сынып оқушысын білім ошағының қабырғасында зорлады деген күдікке ілінген еді.
Жаға ұстатқан аталған жайт ҚР ҚК 122-бабы 1-бөлігі (16 жасқа толмаған адаммен жыныстық қатынас немесе нәпсіқұмарлық сипаттағы өзге де әрекеттер) бойынша тіркеліп, күдікті жас жігіт анықталып, ұсталған болатын.
Бүгінде 3 айға созылған тергеу амалдары аяқталды. Енді мектеп мұғалімнің ісін сот шешеді.
Гүлнар Абдужаппарова, Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы: «Аталған жайт бірден ҚР ҚК 122-бабы 1-бөлігі бойынша тіркеуге алынып, тиісті тергеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, тергеу барысында аталған оқиға ҚР ҚК 122-бабының 3-бөлігіне қайта сараланып, 3 ай бойына тергеу амалдары жүргізілді. Күдікті ретінде жас жігіт, мектеп мұғалімі анықталып, қамауға алынды. Бүгінгі таңда жинақталған құжаттардың барлығы Түркістан облысының сотына жолданды. Ендігі уақытта соттың қаулысымен нақты шешім шығарылады».