Сарыағаштағы мектепте оқушылар 4 ауысыммен оқып жүр

107
фото halyq-uni.kz

Сарыағаш ауданындағы оқушылар төрт ауысыммен оқуға мәжбүр. Нұрлы жол ауылында мектеп жоқ болғандықтан, балалар қазір ескі жатақхана ғимаратында оқиды. Онда 700-ге жуық оқушы он кабинетте білім алуға мәжбүр болса, мұғалімдер дәліздің бір бұрышында отыратын көрінеді. Мұнда тіпті төрт ауысымға үлгеру үшін бір сабақ 35 минутқа дейін қысқартылған екен. 

Сарыағаш ауданы Нұрлы жол ауылындағы жалғыз мектеп шамамен 50 жыл бұрын жатақхана ретінде салынған. Ал 30 жыл бұрын ауыл халқы көбейген соң, бұл ғимаратты уақытша мектеп ретінде ашқан. Содан бері мектептің тақта мен парталары да ауыспапты. Ал бүгінде шағын ғана білім ұясына бала сыймай, оқушылар төрт ауысыммен оқып жүр.

Ботагөз Медешова, Сарыағаш ауданының тұрғыны: «Үлкенім сағат 8-де барады, екінші ұлым сағат 12-де мектепке келеді, үшіншім 2-де оқиды. Төртіншім кішкентай қызым, екінші сыныпты сағат 4-те келіп, 7 жарым 8 де қайтады. Мектепте 45 минуттан емес, 35 минуттан оқиды. Себебі сынып жетпейді, уақыт жетпейді. Бізде әріпті әріпке қосып оқи алмайтын оқушылар бар. Олармен жұмыс істеу үшін сынып керек».

Мектепте жалпы 670 оқушыға тек 10 кабинет қана бар. Бөлме жетпеген соң, ғимараттағы орындық пен үстел сыйған жердің бәрі сыныпқа айналған. Тіпті арнайы мұғалімдер бөлмесі болмағаннан кейін 70 ұстаз дәліздегі бір үстелде отыратын көрінеді. Ал тар бір бөлмеде директордың екі орынбасары, психолог пен медбике отырады.

Ержан Бекназаров, Б.Омаров атындағы №50 мектептің мұғалімі: «Санэпидстанция стандартқа сай емес дейді. Тақта, парта тесік дейді. Есік алдында асфальт жоқ дейді. Оның бәрін мұғалімдер істемейді ғой. Есік алдын қолдан келгенше цемент құйдық, сөздің шыны. Шатыр істедік, оқушылар құламасын деп, мұзда тайғанап. Қолдан келгенше істеп жатырмыз, сонда да мұғалімдерге 670 мыңнан артық айыппұл салады, өздері төлейді».

Дәлізінен екі адам қатар жүре алмайтын білім ошағының мәселесін шешу үшін мұғалімдер есік алдындағы ескі ғимаратты да қажетіне жаратуға мәжбүр болыпты. Мәселен, бұрын асхана ретінде салынған ғимарат кейінгі 10 жылда акті залының, кейде спортзалының қызметін атқарады. Ал кейде тіпті оқушыларға сабақты да сонда өтетін көрінеді.

Бұл қоймаға мұғалімдердің өзі өзге мектептерден қалған парта, тақтаны жинап, кейін жөндеп өз мектептеріне қояды. Бұл мәселені айтып ауыл тұрғындары жеті жылдан бері білім бөлімінен бастап, облыс әкіміне дейін барған. Тұрғындар ауыл ішінен мектепке деп өз жерін беріп, құжатын да реттепті. Алайда, шенеуніктер жаңа мектеп салуға құлық танытпайды әлі де асығар емес дейді олар.

Қанат Шыныбеков, Сарыағаш ауданының тұрғыны: «Мектептің 320 орындық боп құжатта жазылып кеткені жалған ақпарат болған. Сол кездегі білім басқармасының басшысы, сол кездегі директор болған адамдар соны жазып жіберген. Соны дәлелдейміз деп, осы уақытқа дейін келдік. Сендерге 320 орындық болғаннан соң, екі ауысымға 640 орындық болады, сендерге мектеп қалыпты деп бізді қайтара береді. Ал шын мәнінде жүз бірдеңе-ақ оқушы кетеді, квадратқа бөлгенде».

Ал жергілікті билік мәселені биылдан бастап шешіп жатырмыз дейді. Нақтырақ айтқанда, мектеп жанынан жаңа ғимарат салуды жоспарлап отыр екен.

Дәулет Ақатов, Сарыағаш ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы: «Қазір 300 орындық мектептің құрылысы жоспарлануда, мердігер анықталды. Биылға жоспарланған 10 миллион ақшасыны қазан айынан бастап шұңқыр қазып басталады. Жалпы құны 1 миллиард 151 миллион 712 мың теңге. Келесі жылдың оқу жылына пайдалануға беруге жоспарлануда».

Жауаптылар жаңа мектеп құрылысы бір жылда аяқталады деп отыр. Егер білім ошағы уақытында салынса, Нұрлы жол ауылындағы төрт ауысымдық сабақ кестесі толық жойылмақ.