Түркістан облысында есірткі құралдарын сақтап, тасымалдау дерегі бойынша күдіктілер қолға түсті. Тәртіп сақшылары Қазығұрт ауданы аумағындағы «Жібек жолы-Шымкент» тас жолы бойында күмәнді «Нексия» маркалы автокөлікті тоқтатып, тінту жұмыстарын жүргізген.
Тексеру нәтижесінде көліктен өсімдік тектес есірткі заттары бар полиэтилен пакет пен қағаз түйіншек табылған. Тәркіленген заттай дәлелдемелер сараптамаға жіберілді. Ал көлік жүргізушісі мен жолаушысы есірткі сақтау, тасымалдау дерегі бойынша күдікті ретінде ұсталды. Олар бұрын сотты болған Сарыағаш ауданының екі тұрғыны екені анықталды.
Дәурен Сартаев, ТО ПД ЕҚҚІҚБ-ның аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі: «Аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы «Есірткі, психотроптық заттармен, сол тектестермен өткізу мақсатынсыз заңсыз жұмыс істеу» бойынша тіркелді. Зерттеу қорытындысы бойынша көліктен алынған есірткінің 2,5 келі » марихуана» екені расталды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр».