Шымкент: Сессия отырысында инфрақұрылымды дамыту мәселесі пысықталды

54

Шымкент қалалық мәслихатының кезекті сессиясында күн тәртібінде 22 мәселе қаралды. 4 ауданның әкімі өз міндеттері бойынша есеп беріп, халық қалаулылары қойған сауалдарға жауап берді. Сондай-ақ, басқарма басшысылары да ең өзекті мәселелер туралы баяндады.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылға дейін сапалы ауыз сумен қамту көрсеткіші 100 пайызға жету керек деп тапсырма берді. Шымкент қалалық инфрақұрлымды дамыту басқармасының басшысы бұл жоспар толығымен орындалады деп сендіреді. Сөзінше, бұл межеге жетуге аз қалды.

Боранбай Болатбеков, Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы: «Су мәселесі бойынша бүгінгі таңда 2022 жылды 99 пайызбен аяқтаймыз. Бізде қалған 3 елдімекен бар сапалы ауыз сумен қамтылмаған. Оның бірі Құрсай. Оны биыл тапсырамыз. Бізге келесі жылы Қайнар бұлақ пен Сайрам қалады. Ол келесі жылы аяқталады. Сонда, барлығы 100 пайыз қамтылады».

Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында аудан әкімдері мен басқарма басшылары есеп беріп, өзекті мәселелер туралы баяндады. Ең проблемалы Қаратау ауданының әкімі Рахымберді Мүлкеманов көп ұзамай барлық инфрақұрылым мәселесі шешімін табады дейді. Мәселен, бұған дейін бірнеше рет шағымданған Қайнарбұлақ саяжайының тұрғындары 2023 жылы толық табиғи газбен қамтылады. Қазіргі таңда қаржы бөлініп, бастапқы жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Рахымберді Мүлкеманов, Қаратау ауданының әкімі: «Биылғы жылы бізде Тұран, Тассай, Асар 2, Нұртас, Қайнар бұлақ елдімекендерінде газ тарту мәселесі жүргізіліп жатыр. Жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін аудан халқын табиғи газбен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызға жетеді».

Жиында жыл соңына дейін игерілмей қалу қаупі бар қаржылар басқа салаға бағытталатыны айтылды. Жауаптылар мемлекет қазынасы тиімді жұмсалып жатыр дейді.

Ерлан Есқараев, Шымкент қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы: «Бюджетті нақтылау барысында бірқатар қаржылар және жыл соңына дейін игерілмеу қаупі бар қаржылар келесі шығындарға қайта бағытталуда. Біріншісі 1697 мүмкіндігі шектеулі азаматтарды санитарлы курорттық емдеуге 296 млн, әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалы бағытын субсидиялауға 5,7 млрд тг, 88 жер телімін мемлекеттік мұқтаждыққа алуға 2,3 млрд теңге, қала аумағындағы 11 көшенің орташа жөндеу жұмыстарын аяқтауға 463 млн теңге, оқушылар сарайының жұмысын жалғастыруға 500 млн теңге. Жалпы нәижесінде қала бюджетінің көлемі 581 млрд. теңгеден, 583 млрд. теңгеге артуда».

Сессия отырысының күн тәртібінде жерлеудің және зираттарды күтіп ұстау ісін ұйымдастырудың қағидаларын бекіту туралы 2019 жылғы 27 маусымдағы Шымкент қаласы мәслихатының шешіміне өзгерістер енгізу мәселесі талқыланды. Мәслихат хатшысы Бахадыр Нарымбетов зираттарды күтіп ұстау мен көгалдандыруға бөлінетін қаржы аз екенін айтады.

Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы: «Оны мойындамауға болмайды. Бәрі көріп, біліп жүр. Шөп басып кеткен. Қараусыз, шарбақтар құлап жатыр. Кіреберісте асфальт жоқ, лай, топырақ барлығы. Бұл негізі аудан әкімдігіне жүктелген. Бір мазаратқа шамамен 1 млн. теңге бөлінеді 1 жылға. Оны былай қарасаң оны күтіп ыстау, көгалдандыру емес, тек қана соны қорғап, бір қарауылға төлейтін қаржыға да жетпейді. Ол деген сөз оны алған адам ол жерден бір ақша, табыс табамын деген ой».

Жалпы қалалық мәслихаттың сессиясында 22 мәселе қаралды. Оның ішінде инфрақұрымды дамыту мен қаржыны иегруден бөлек, сесиия отырысының регламентін бекіту мен келесі отырыстың уақыты пысықталды.