Шымкент: Тауар таңбасын заңсыз қолданған азаматтарға айыппұл салынды

70

Шымкентте қамыр қопсытқыш өндіруші компанияның тауар таңбасын заңсыз пайдаланған екі азамат анықталды. Абай аудандық полиция басқармасынан келіп түскен арызға сай, қалалық Әділет департаменті «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 158-бабына сәйкес, әкімшілік хаттама толтырып, айыппұл салды. Жалпы түп нұсқа мен көшірме өнімді қалай ажыратуға болады?

Шымкентте екі азамат қамыр қопсытқыш өнімінің көшірме нұсқасын жасаған. Олар бүгінге дейін компанияның тауар таңбасын заңсыз пайдаланып келген. Жауаптылардың сөзінше, екі өнімді сыртқы қаптамасына қарай ажыратуға болады. Алайда, құрамында қандай айырмашылық бар екені белгісіз.

Құрбанбек Қыстау, Шымкент қаласы Әділет департаментінің зияткерлік меншік құқықтары бөлімінің басшысы: «Жалған өнімде жазуы мен суреттері анық болмайды. Сонымен қатар мынау қаптаманың арт жағында белгілерінде де айырмашылық бар. Сонымен қатар тауардың өндірілген күні де жалған өнімде қанық түспен боялмаған».

Тауар таңбалары заңына сәйкес құқық иегерінің рұқсатынсыз пайдаланған тауардың барлығы контрфакті болып есептеледі. Сондықтан, қоймасынан 1200 дана қопсытқыш табылған азаматқа 91 890 теңге, ал 5500 дана өнім тәркіленген тұрғынға 61 260 теңге айыппұл салынды.

Азат Рахметов, Шымкент қаласы Әділет департамент басшысының орынбасары:
«Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 158-бабына сәйкес, «Cykorya S.A» компаниясының тауар таңбасын заңсыз пайдаланғаны үшін әкімшілік хаттама толтырылып, сотқа жіберілді. Соттың шешіміне сәйкес азамат Х-ға 30 АЕК теңге, азамат Е-ге 20 АЕК теңге айыппұл салынды».

Егер сіздің де тауарыңыздың таңбасы заңсыз қолданылғанын байқасаңыз, Шымкент қаласы, Желтоқсон көшесі 16 мекен-жайында орналасқан Әділет департаментіне шағым түсіруге болады.