Шымкент: Жанар-жағармай бизнесінде көлеңкелі тұстар көп

55

Шымкентте адал бәсекелестік дұрыс жолға қойылмаған, салдарынан кәсіпкерлер зардап шегіп отыр. Бұл мәселе әсіресе жанар-жағармай бизнесінде қатты байқалады. Қалада кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Кеңестің кезекті отырысы өтті. Онда жанар-майдың тасымалдануы, дизель жеткіліксіздігінің басты себептері талқыланды.

Шымкентте жанар-жағармай сатумен айналысатын кәсіпкерлерге дизель отынын бөліп-жеткізу жұмысында алалау фактілері анықталған. Себебі бұл салада ашықтық аз. Аймақтарға бағытталған дизель қайда кетіп жатыр? Кім алып жатыр? Ол қалай сатылып жатыр? Бұл процестің барлығын ашық түрде, жіті қадағалу қажет. Осылай деген кәсіпкерлік құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшесі Қайыпбек Қамбаров, мұндай олқылықтарды болдырмау үшін мұнай өнімдерін өндеу барысына қатысты ұсыныс айтты.

Қайыпбек Қамбаров, кәсіпкерлік құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңес мүшесі: «Энергетика министрі айтады елімізде 5 млн 200 мың тонна дизель отыны қорытылып жатыр дейді. Біз сұрақ қойдық. Ол қайда кетіп жатыр. Кім алып жатыр. Неге ашықтық жоқ. Басынан бастап, соңында дейін ашық жүргізу керек»

Үшінші мегаполиске ай басынан бері 14 мың тонна дизель отыны келген. Оның басым бөлігі ірі көтерме саудамен айналысатын мекемелерге берілген. Ал қалған 10 пайызы кішігірім жеке кәсіпкерлерге үлестірілген. Нәтижесінде жанар-жағармай жетіспеушілігі пайда болып, бүгінде кейбір бекеттер жабылып қалудың аз алдында тұр.

Сабира Адамбекова, Шымкент қаласы кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер жөніндегі орынбасары: «Елімізде кәсіпкерлер арасында бәсекелестіктің адал жүрмеуіне байланысты кей сатушылар банкрот болуға жақын. Тексерістер барысында жанар-май жетіспеушілігін қолдан жасалғаны анықталды. Оның кесірінен жанар-майдың бағасы да өсіп кетеді. Өңделген мұнай өнімдері тек белгілі бір жанармай бекеттеріне ғана жеткізіліп отырған. Бұл әрекеттер орта және шағын бизнестің дамыуына кері әсерін тигізеді»

Жиында мұнай өнімдерін көтерме саудагерлерге емес, тікелей бекеттерге жеткізу тетігін құру мәселесі көтерілді. Себебі ол, әрбір кәсіпкердің қанша тонна өнім алғанын, және оның қаншасы сатылып жатқандығы жайында нақты ақпаратты уақтылы алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мамандар мұнай өңдеу процессінен бастап барлық жұмысты ашық түрде жүргізуді ұсынды.