Бүгін үшінші мегаполистің 223 мектебінде алғашқы қоңырау соғылды! Ал 250 мыңнан астам оқушы жаңа өмірге қадам басты!
№7 мектеп-лицейде барлығы алғашқы қоңырауға дайын. Жоғары сынып оқушылары мемлекеттік туды көтеруге дайындық үстінде. Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі оқушылардан қадамын нық басуды талап етеді. Ал екінші бөлімде мектеп директоры оқушыларға келіп, дайындықтарын сұрайды. 1-қыркүйек тек оқушылар үшін ғана емес, мұғалімдер үшін де аса маңызды күн.
Раушан Әлмаханқызы, №7 IT мектеп-лицейінің директоры: «Мен балаларға тыныш әдемі тұрыңыздар, бүгін мереке деп айттым. Себебі каникул кезінде біраз демалып, бір-бірін енді көріп жатыр. Сол үшін іс-шарада дұрыстап тұрайық, гимн айтқан кезде патриоттық сезіммен дұрыстап орнымызда тұрайық деп айттым. Қанша іс-шараны өткізіп жүрміз ғой, бірақ 1-қыркүйек ерекше. Балалар мен ұстаздар бір-бірін енді көріп, бірінші сыныптарды қабылдап, танысады, сол үшін алғашқы күн болғаннан кейін кішкене болып тұр».
Алғашқы қоңырауға арналған салтанатты жиынның басты қонақтары үшінші мегаполистің бас педагогы мен Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары. №7 мектеп биыл 5 бірінші сыныпты қабылдайды. Ал 2022 жылы мектепте жалпы саны 2000-ға жуық оқушы білім алады. Білім басқармасы оқушылардың тәлім алуына баса назар аударады, өйткені бұл мектептің түлектері арасында үлкен жетістіктерге жеткен көптеген үздік оқушы бар.
Шыңғыс Мұқан, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Біздің қаламызда Шымкентте әрбір үшінші адам – мектепке не балабақша, колледжге барады. Сондықтан да Шымкент қаласын оқушылар, студенттер қаласы деп атасақ, артық айтқанымыз емес. Сіздердің баршаларыңызды жаңа оқу жылымен, осы мектептің 105-ші жаңа оқу жылымен құттықтауға рұқсат етіңіздер!»
1 қыркүйектегі ең маңызды сәт – алғашқы қоңыраудың соғылуы. Бүгін бірінші қоңырау үні сыңғырлап, жаңа оқу жылы басталды. Ал жергілікті билік өкілдері биыл барлық бастауыш сынып оқушылары ыстық тамақпен тегін қамтамасыз етілетінін жеткізді.
Бірінші сынып оқушылары салтанатты жиыннан кейін мектеп табалдырығын аттап, алғаш кітаптың бетін ашады. Бұл балалардың есімдері жақын арада бүкіләлемге жақсы жағынан танылуы мүмкін, тіпті олардың қатарында Қазақстанды түрлі салада әлемге танытатын үздіктердің болуы да ғажап емес.