Үшінші мегаполисте 30 қабатты сауда-іскерлік орталығы бой көтереді. Енді ғана құрылысы басталған Shymkent Tower орталығының аумағы 90 мың текше метрден асады. Жобаның инвесторы бірнеше танымал жобалардың авторы «САУТС-Ойл» компаниясы. Сауда-іскерлік орталығының презентациясына қала әкімі арнайы қатысты.
Шымкенттің қақ ортасында 30 қабатты сауда-іскерлік орталығы бой көтермек. 32 млрд теңге инвестиция тартылған ғимараттың жалпы аумағы 90 мың шаршы метрден жоғары. Инвесторлар «Shymkent Tower» орталығының құрылысы толығымен 2024 жылы аяқталады деп жоспарлап отыр.
Мұрат әйтенов, Шымкент қаласының әкімі : «Мұнда 32 миллиард теңге инвестиция тартылып, үлкен ғимарат салынады. Бұл қаламыздың инфрақұрылымын дамытуда үлкен рөл атқарады. Осы жобаға бастамашы болған инвесторымызға үлкен алғысымды білдіргім келеді. Жалпы инвесторлардың айтуынша, бұл ғимарат екі жылда қаламызда көркейіп тұрады. Ғимаратты Түркияның белгілі «Коч Констракшн» құрылыс компаниясы тұрғызады. Шымкент олардың Қазақстандағы алғашқы құрылыс алаңы. Сәттілік тілеймін!».
Д.Қонаев даңғылының бойында салынатын орталықтың негізгі инвесторы “САУТС-Ойл” компаниясы, ал құрылысын салушы бас мердігер 3 материкте жұмыс істеп, әлемнің 9 елінде ірі жобалардың жүзеге асуына атсалысқан халықаралық «Koç Construction» компаниясы. Аталған орталық салыну барысында 200 тұрақты және 1250 уақытша жұмыс орны ашылмақ.
Сардар Сипагиоглу, архитектор-координатор: «Бүгін «Коч» компаниясы Қазақстанда алғашқы қадамын жасады. Мен ризашылығымды білдіргім келеді. Қазақстан бізге дос және туысқан ел, сондықтан бұл күн біз үшін өте маңызды. Маған Шымкенттің сәулеті ұнайды, біздің нысан сіздердің қалаларыңызды одан әрі көркейте түседі деген сенімдемін».
Алдағы 5 жыл ішінде Шымкентке 5 млрд. АҚШ доллары көлемінде инвестиция тарту міндеті қойылған. Осылай деген шаһар басшысы Мұрат Әйтенов қазіргі кезде мегаполисте тұрғын үйге деген сұраныс артқанын және агломерациясы дамыған қалаға келушілер мен үй алып қоюға ниеттілер көбейгенін тілге тиек етті. Сондықтан құрылыс жұмыстарын қарқынды жүргізіп отыру қажет.