Шымкентте А.Байтұрсынұлының ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

66

Бүгін мемлекет және қоғам қайраткері, ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін қалаушы, педагог және ақын — Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл! Айтулы күнге орай шымкенттіктер ағартушының ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, еске алды.

Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл! Атаулы датаға орай Шымкент қаласында ақынның ескерткішіне гүл шоқтары қойылды. Шараға мегаполис әкімі Мұрат Әйтенов және зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Қазақ даласына терең біліммен қатар, саяси еркіндік қажет екенін терең түсінген ұлт ұстазы мемлекетшіл қайраткерге, дербестік жолындағы күрескерге айналды. Алты алаштың қамы үшін Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов секілді ұлт зиялыларымен бірге, ол заманда шашыраңқы жүрген қазақ жұртының етек-жеңін жинап, “Қазақ” атауымен газет шығарып, ұлтты ұйыстыруға жұмылды. Ол замандағы қайраткерлердің қайсарлығы мен ұлтжандылығы бүгінгі ұрпаққа — бізге үлгі-өнеге. Өскелең жастардың бойына Алаш қайраткерлерінің рухын сіңіру үшін өткен жылы Ахмет Байтұрсынов бастаған Алаштың жеті арысына арналған ескерткіш кешенін Орталық саябаққа орнаттық».

Бүгінде үшінші мегаполисте Ахмет Байтұрсынов атында көше, мектеп және ескерткіш бар. Сондай-ақ биыл балабақша, мектеп, колледжер мен университеттерде Байтұрысыновтануға арналған ашық сабақтар ұйымдастырылуда. Сонымен қатар, саяси қуғын-сүргін мезейі де мерейтойға орай бірқатар іс-шаралар жоспарлап отыр.

Гүлмира Серікбаева, Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін музейі директорының орынасары: «Биылғы жыл ұлт ұстазы, Алаштың асыл перзенті, саяси қуғын-сүргін құрбаны болған Ахмет Байтұрсынұлы атамыздың 150 жылдығына байланысты түрлі іс-шаралар, еске алулар болып жатыр. Ескерт кішке гүл шоқтарын қою арқылы, біз өзіміздің Алаш ардақтылары алдындағы ұрпақ парызын өтей отырып, тарихқа тағы бір терең көз жүгіртеміз. Сол заманда болған зүлматты, қазақтың басынан өткен нәубетті және біздің бабаларымызды ұмытуға ешкімнің қақысы жоқ».

Шара барысында ақынның өлеңдері оқылып, естеліктері ұлықталды. Қалалық мәдениет басқармасы ұлы тұлғаның есімін ұрпақ жадында сақтау мақсатында өтетін мерекелік кештер алдағы уақытта да жалғасын табады дейді.