Бүгін – көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, зерттеуші, ақын Асанбай Асқаровтың туғанына 100 жыл! Осыған орай Шымкент қаласында Еңбек ерін еске алу рәсімі өтті. Іс-шараға қала әкімі, Асанбай Асқарұлының қызметтес достары, ақын-жазушылар мен қала тұрғындары қатысып, қоғам қайраткерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
15 қыркүйек – мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, ақын Асанбай Асқарұлы Асқаровтың туғанына 100 жыл! Осыған орай бүгін Әл-Фараби алаңында қоғам қайраткерін еске алу рәсімі өтті. Асанбай Асқаровтың қызметтес достары, ақын-жазушылар мен бірқатар зиялы қауым өкілдері рәсімге арнайы қатысып, еңбек ерінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Тау тұлғалы азамат саналы ғұмырында Шымкент қаласының гүлденуіне үлкен үлесін қосқан. Нақтырақ айтқанда, Асанбай Асқаровтың кезінде Шымкентте дендросаябақ, хайуанаттар бағы, балалар темір жолы және мәдени-спорт орталықтары салынған. Сондай-ақ, Асанбай Асқарұлы «Жұмақ пен тозақ жырлары», «Тағдыр», «Ұлы Тұранның ұлдары», «Көзқарас» секілді бірқатар кітап пен өлең жинақтарының авторы. Жиында қоғам қайраткеріне ақындар арнау арнап, көптеген естеліктер айтылды.
Бүгінде Шымкентте Асанбай Асқаровтың ескерткіші, ол кісінің атындағы көше мен орта мектеп және мұражай бар. Ал екі жыл бұрын Шымкенттегі денросаябаққа мемлекет қайраткерінің есімі берілді.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Ардақты ағайын, баршаңызды Асанбай Асқаровтың 100 жылдығымен құттықтаймын! Асанбай Асқарұлы саналы ғұмырын туған жерге қызмет етуге арнаған іскер ұйымдастырушы, білікті басшы әрі қайраткер. Елге қызмет етудің ерен үлгісін көрсеткен көрнекті тұлға ретінде ұрпақ жадында қала бермек».
Еске алу рәсімінде сөз алған облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов Асанбай Асқаровтың қызметтес азаматтарының ой-пікірін тыңдай білетін білікті басшы болғанын айтып, еңбекқорлығы мен адамгершілігі мол жан болғандығын тілге тиек етті.
Жеңісбек Мәуленқұлов, Түркістан облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы: «Ол кісінің жұмыс істеу стилі, басшылармен, қарапайым кісілермен қарым-қатынасы ерекше болды. Ол кісі ешуақытта дауыс көтеріп, «бітірсең де бітіресің, бітірмесең де бітіресің, айттым-болды» демейді, мәселені байыппен, талқылап, жанындағы бюро мүшелерінің пікірін тыңдап, бәрін айтып, аяғында өзінің қорытындысын айтып, істейін деп отырған адамды қанаттандырып, істейтін жолын шешіп беретін. Асанбай Асқаров секілді басқа да Қазақстанның іргесін қалауға еңбек еткен тұлғалар көп. Біз, қазіргі жүрген азаматтар, құзырлы органның басшылар болсын сондай тұлғаларды тарихтан алып, жастарға насихаттау керек!
Шымкентте қазан айында Асанбай Асқаровтың мұрасы мен оның тарихи тұлғасын тануға арналған республикалық конференция өткізу жоспарлап отыр. Айта кетейік, үкіметтің ұйғарымымен Асанбай Асқаровтың 100 жылдық мерейтойы көршілес Жамбыл облысында, өзінің туған жерінде республика көлемінде жары мен балаларының қатысуымен өтіп жатыр.