Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес БАҚ мәртебесін көтеру мәселесі басты назарда тұр. Осыған сәйкес жергілікті жерде түрлі іс-шаралар жалғасуда. Шымкентте заманауи медианың жаңа тәсілдерін меңгеру мәселесі талқыланды. Журналистер клубының көшпелі отырысына Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген жас және тәжірибелі журналистер мен баспасөз хатшылары Іс-шараны «Қоғамдық келісім» республикалық мемлекеттік мекемесі ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды. Ал семинарда белгілі журналист, СММ менеджерлері мен тәжірибелі мобилограф мамандар баяндама оқыды.
Шымкентте жас тілшілер мен тәжірибелі журналистердің басын қосқан көшпелі жиын өтті. Қазақстан Халқы Ассамблеясы журналистер клубы отырысы биыл екінші рет өткізіліп отыр. Заманауи баспасөздің қыр-сырын меңгеру, тәжірибе жинау, журналистиканың жаңа қырларымен танысу үшін Қаақстанның бірнеше өңірінен мамандар арнайы келді.
Тамара Фазилова, журналист: «Бұл менің мұндай үлкен семинарға алғаш рет келуім. Бұл жерге Қазақстанның бірнеше өңірінен көптеген журналистер жиналды. Телеарна, газет, сайт тілшілері, баспасөз хатшылары да бар. Менің журналистика саласында қызмет етіп жүргеніме 40 жылдан асты. Сондықтан мен үшін бұрын қызметтес болған, бірге жұмыс істеген жандарды осындай жиындарда көру үлкен қуаныш!».
Айзада Мұқұжанова, ҚР АҚДМ Этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің әдістемелік қамтамасыз ету және ақпараттық-түсіндіру жұмысы жөніндегі басқарма басшысы: «Бүгін екінші күн өтіп жатыр. Бірінші күні біз жалпы жұмыс отырысын өткізіп кеттік. Соған қатысты біраз ұсынымдар айтылып, пікір алмасып, үлкен жұмыс атқардық. Жалпы журналистер клубының отырысы жылына 2 рет өткізіледі. Біз мұнда этносаралық қатынастар саясатының жалпы ақпараттық сүйемелдеу сұрақтарының өзекті мәселлерін қарастырдық. Мұнда біз практикалық әдістерге өзекті-өзекті мәселелер, қоғамдағы қазақ тілін дамыту, тілге деген қызығушылықты арттыру әдістерін және этносаясат саласының даму перспективалары секілді бағыттар бойынша пікірлерімізбен бөлісіп жатырмыз».
Көшпелі жиынға өңірлерден 60-қа жуық БАҚ өкілі қатысты. Олардың қатарында Ақтөбе, Атырау, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана қаласының журналистері және баспасөз қызметкерлері бар. Екі күнге созылған жиынның мақсаты – этносаралық қатынастарды қамту мәселелері бойынша тәжірибе алмасу дейді ұйымдастырушылар. Ал көшпелі жиында заманауи журналистиканың жаңа әдіс-тәсілдері туралы тәжірибелі тілшілер, СММ мамандар мен мобилографтар білгенімен бөлісті.
Нұрхат Ораш, ҚР АҚДМ «Қоғамдық келісім» РММ директорының орынбасары: «Қазіргі таңда көп сұранысқа ие болып жатқан мобилография саласын меңгерту, одан кейін орысша айтқанда «язык вражды», яғни тілге байланысты және этносаралық қатынасқа байланысты мәселелер туындаған жағдайда олардың алғашқы қандай қадам жасау керек секілді осындай бағыттарда біздің тренерларымыз түсіндіріп, анықтап айтатын болады».
Семинар соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталады. Көпшілікке берері мол мұндай жиындар жыл сайын өткізіледі. Ал жылына екі рет өтетін отырыстың алғашқысы Солтүстік Қазақстан облысында болған.