Шымкентте жастар мен жасөспірімдер арасында муай-тайдан республикалық турнир басталды. Қазақстанның 8 қаласынан келген спортшылар әлем чемпионатына іріктеуден өту үшін жиналды. Тай боксымен айналысатын былғары қолғап шеберлерін қолдауға Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары келді.
Үшінші мегаполисте муай-тайдан республикалық турнир басталды. Сайысқа қатысу үшін қалаға Қазақстанның 8 аймағынан 135-тен астам спортшы жиналды. Тай боксының шеберлері әлем чемпионатына іріктеуден өту үшін сынға түседі. Жасөспірімдер мен жастар арасындағы жарыс Шымкент қаласының дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде өтіп жатыр. Елдің барлық өңірінен келген спортшыларды қолдауға Шымкент қалалық мәслихатының депутаттары келді.
Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қалалық мәслихатының хатшысы: «Бүгін Шымкент қаласында керемет жарыс ұйымдастырылып отыр. Жалпы Қазақстанда жекпе-жек спортында көптеген жетістіктерге жетіп жатқанымызды көріп отырсыздар. Ұйымдастырушыларға үлкен рақмет! Бұл үлкен жауапкершілік. Спортта жақсы жетістіктерге жетіп жатырмыз. Бүгін баршаңызға сәттілік тілеймін!».
Жас қатысушылар бұл турнирді асыға күтті. 10-18 жас аралығындағы спортшылар бірнеше салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Әрбір қатысушы бірінші орынға үміткер және олардың әрқайсысы чемпионатта өз қабілеттерін көрсету үшін барын салады.
Манас Тоқпаев, турнир қатысушысы: «Мен Астана қаласынан келдім. Шымкентке осы жарыстан бірінші орын алу үшін тәжірибе жинау үшін келіп отырмын. Бұл турнирге шамамен екі ай дайындалдым».
Досжан Әбдуәлі, турнир қатысушысы: «Мен муай-таймен 10 жасымнан бері айналысамын, қатысып жүргеніме 5 жыл болды. Қатысып жатқан себебім, әлем чемпионатына іріктеу болып жатыр. Бүгін жеңуге тырысамын».
Бұл іс-шараның басты мақсаты- спортты насихаттау дейді мамандар. Жас спортшылардың қарым-қабілеттерін құрамында муай-тайдан спорт шеберлері және әлем чемпиондары бар қазылар алқасының 10 мүшесі бағалайды.
Сұлтанғали Қуандық, Шымкент қаласы муай-тай федерациясының президенті: «135-тен астам спортшы қатысып отыр. Елордадан, Түркістан, Ақмола, Павлодар, Қостанай және Жамбыл облыстарынан, жалпы саны 8 өңірден келді. Жалпы муай-тай — бұл ежелгі спорт, көптеген адамдар оны қатал, қиын спорт түрі деп есептейді, алайда олай емес».
Шымкентте өткізіліп отырған турнир 23 қыркүйекке дейін жалғасады. Жарыс қорытындысы бойынша әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғайтын лайықты спортшылар таңдалып алынады.
Президент «Қазақстан спортының болашағы жас спортшылардың қолында екенін» айтқан болатын. Спортты дамыту, жасөспірімдерді спортқа баулу бойынша жұмыстар жақсы жүргізіліп жатыр.