Бүгін, 17 қыркүйек- «Дүниежүзілік тазалық күні (World Cleanup Day 2022)» экологиялық акциясы аясында Шымкент қаласы аумағында жалпықалалық сенбілік өтуде.
Тазалық шарасына Шымкент қаласы әкімдігінің аппараты, 23 басқарма мен оларға бағынысты мекемелердің, «Шымкент» ӘКК, 13 департамент қызметкерлері қатысуда. Қала әкімдігінің бастамасымен қолға алынған сенбілікті кәсіпкерлер, белсенді қала тұрғындары мен еріктілер де қолдады.
Сенбіліктің мақсаты — жанашыр тұрғындармен бірлесе қала аумағын қоқыстан тазартып, абаттандыру.
Сенбілікке қатысушылар қаланың барлық аумағында, саябақтар мен гүлзарларды, аула және көшелерді, арық-атыздарды қоқыстан тазартуда.
Мәселен, Еңбекші ауданы бойынша сенбілікке шыққан 5 мыңнан астам азаматтың 1 мыңға жуығы белсенді жастар. Қазірге келіп түскен мәлімет бойынша, 40 көше, 10 шақырымнан астам аяқжол, ирригациялық жүйелер тазартылған. Іске 22 техника жұмылдырылып отыр.
Сенбілікте әр мекеме өзіне жүктелген аймақта тазалық жұмыстарын жүргізіп, барлық қоқыс қала сыртына шығарылады.