Шымкентте жергілікті полиция қызметінің экс-бастығы М.Бұхарбаев 7 жылға сотталды

75
фото Түркістан

Шымкентте жергілікті полиция қызметінің экс-бастығы Мұхтар Бұхарбаевқа қатысты үкім шықты. Ол қоластындағылардан көптеген алымдар алғаны үшін жеті жылға сотталды. Дегенмен бұрынғы полиция қызметкері өз кінәсін мойындаған жоқ.

Шымкентте резонанстық сот отырысы өтті. Онда жергілікті полиция қызметінің бұрынғы бастығына үкім шығарылды. Судья Мұхтар Бұхарбаевты өзінің қарамағындағы Азамат Айымбетовтен алым алып, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін айыпты деп таныды. Экс полицей енді алдағы 7 жылын жалпы режимдегі колонияда өткізеді. Бұдан бөлек, ол өмір бойы мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан айырылған. Сот барысында Бұхарбаев өзін таспаға алуға тыйым салды.

Судьяның айтуынша, Бұхарбаев өзіне тағылған айыпты мойындаған жоқ. Сондықтан оның қорғаушылары экс полицейді ақтауды сұрады. Ал сотталушының туыстары журналистердің сот процесін жария етуіне қарсы болды.

Сот бұл істі екі айға жуық уақыт аралығында қарады. Судьяның айтуынша, Бұхарбаев Айымбетовті екі жыл бойы қымбат күртеше, телефон, сағат, шырша және үйге арналған жиһаз сатып алуға мәжбүрлеген. Бағынышты адам қымбат заттарды сатып алуға қаражатты өз туыстарынан алған. ЖПҚ экс-бастығының кінәсі дүкен сатушыларының айғақтарымен дәлелденді. Мұны Айымбетовтың үш әріптесі мен Бұхарбаевтың жүргізушісі де растады.

Ғани Байарыстан, Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының судьясы: «Шот-фактуралар, үстеме қағаздар бұл тауарлардың осы дүкендерден сатып алынғанын дәлелдейді. Ал сатушылар тауар ақысын полиция инспекторы төлегенін, ал оны Бұхарбаевтың киіп көргенін айтты. Жалпы есептелген шығын сомасы үш миллион 194 мың теңге, сот оны қанағаттандырды. Барлық эпизодтар бойынша біз Бұхарбаевты кінәлі деп танып, айыпталушыдан өндірдік. Ал моральдық ақы туралы жәбірленуші талабы қанағаттандырусыз қалдырылды».

Сондай-ақ, сотта Айымбетовтың бастығының қудалауынан қорқып, бұл жағдайға екі жылға жуық уақыт бойы төзіп жүргені белгілі болды. Сондықтан жәбірленуші тарап сот шешімін әділ деп санайды.

Талғат Есімов,, Азамат Айымбетовтың адвокаты: «Жаза оған ұсынылған баптың нормасына сәйкес тағайындалды. Мен сот үкімі әділ, объективті және жиналған дәлелдемелер мен куәгерлердің айғақтарына негізделген деп санаймын. Айымбетов сотқа белсенді қатысып, өз пікірін білдірді.  Ал үкім оқылған отырысқа жұмыста болғандықтан қатыса алмады».

Айтпақшы, Сот бұрынғы ЖПҚ бастығына үкім шығарғанда кәмелеттік жасқа толмаған балаларын ескеріп, бас бостандығынан айыру мерзімі сегізден жеті жылға қысқартылды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ, сондықтан, Бұқарбаев қаласа, екі апта ішінде шағымдана алады.

Шынар Оразова