Қыркүйек айының 16-17 күндері Түркістан облысы Түлкібас ауданында екінші республикалық «Бауырбас» құрылтайы өтті. 13 облыстан келген делегаттар елдегі қазақ билерінің рөлін айқындап, қазіргі таңдағы маңызды мәселелерге тоқталды. 200-ге жуық билер алқасының мүшесі ел бірлігін нығайту, жастар тәрбиесі, қазақ тілінің тағдыры секілді 5 бағыттағы мәселе бойынша пікір алмасты.
«Ел бірлігін нығайту, қазақ тілінің мәртебесі, жас ұрпақ тәрбиесі» — осы секілді 5 бағыттағы маңызды мәселе Түлкібас ауданында өткен келелі жиында талқыланды. 2-ші республикалық «Бауырбас» құрылтайы Түркістан облысының табиғаты тұмса аймағында өтті. Әр өңірдің билер алқасының мүшелері қатысқан маңызды кездесуде, көптеген мәселе көтеріліп, оны шешу жолдары ұсынылды.
Серік Ергебеков, Түркістан облысының биі: «Маңыздылығы – билер институтын қалыптастыру. Қазір біздің қоғамда «жабайы билер» деген термин пайда болды ғой, әркім өз-өзін би сайлап алып жүр, тобырлар, тайпалар, қоғамдық бірлестіктер, әкімдер сайлап алады. Тіпті медиаторлардың да билері бар екен. Олай болмайды ғой! Би деген халықтың ортасынан сайланады, халықтың сөзін сөйлейді, ортаға әділдігін айта алатындай руға, жүзеге, ортаға бөлінбейтін халықтың адамы болу керек. Біздің негізгі қойып отырған ақсатымыз да сол».
Құрылтайға әр өңірден, нақтырақ айтқанда 13 облыс пен қаладан билер алқасының төрағалары мен мүшелері келді. Жалпы саны 200-ге жуық адам қатысқан жиын жыл сайын өткізіліп тұрады,- дейді ұйымдастырушылар.
Жексенбай Намазбеков, «Шымкент билер алқасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы: «Бұл жерде күн тәртібіне қойылған мәселе – ел бірлігін сақтау, қазақ тілі, одан кейін жастардың келешегі, ата-баба салт-дәстүрін насихаттау, қоғамдық бірлестігінің қоғаммен ара-қатынасы және осы мәселеде жиын өткізіп жатырмыз. Бұл жерде жиналған мәселеміз – билердің басын қосып, тәжірибе алмасу мақсатында жиналып жатырмыз. Ары қарай істерімізді дамыту үшін, елмен, халықпен алтын көпір болып, халықтың мұң-мұқтажын өтініш хаттар жазып, акиматқа жеткізіп, сол арқылы талап ету. Акиматқа да рақмет, көп нәрселер орындалып жатыр».
Екінші рет өтіп жатқан құрылтайға елорда билер алқасының 4 өкілі келген. Қазіргі таңда құрамында 35 адам қызмет ететін қоғамдық бірлестік бүгінде мектептермен қарым қатынас жасап, бала тәрбиесіне байланысты жұмыстарымен айналысып келеді екен.
Нұрбол Молдақұл, Елорда билер алқасының мүшесі: «Бұл кездесу өте қажет. Тек біздің қоғамға, Қазақстанға ғана емес, бүкіл әлемге қажет деген ойдамын. Өйткені біздің ішімізден бөлек, сыртымызда да үлкен өзгерістер болып жатыр. Бабаларымыздың аруағы қайтып келіп жатыр өмірге деп түсінуге де болатын бірі үлкен оқиға, құбылыс. Сондықтан да тілер тілегім – осы жерде дұрыс шешімдер қабылданып, дұрыс таңдаулар жасалса, құба-құп».
Табиғат Әлібекұлы, Алматы қаласының биі: «Қазақ билерінің осыдан 1 ғасыр бұрын тоқтатылғанын білесіздер, соны қайтадан жаңғыртып жатырмыз. Біз қазақ билерін ырымдап қайта жаңғыртып жатырмыз. Себебі қазақ билері бұрын қазақтың бүкіл тағдырын шешкен. Қазір мемлекеттің заңы соты болды. Біз мемлекеттің заңына сотына араласпаймыз. Қазіргі билер қазақтың салт-дәстүрі, ғұрып-әдеті, жастар тәрбиесі. Әсіресе қыз балалардың тәрбиесі, одан мынау қоғамдағы ажырасу мәселелері».
Жиынға қатысушы ел ағалары — билер институтын қалыптастырып, оның қоғамдағы рөлін күшейту қажет деген пікірде. Сөздерінше, билер – халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізуге немесе мүмкіндігінше шешіп беруге мүдделі.