Түркістан халқы Қостанай облысына гуманитарлық көмек жіберіп жатыр

61

«Қостанай, біз біргеміз!». Осылай деп ұрандатқан Түркістандықтар өрттен зардап шеккен халыққа қажетті азық-түлік пен гуманитарлық көмек жөнелтіп жатыр. Мақтаарал аудан тұрғындары бір түн ішінде 23 тонна гуманитарлық көмек жинаса, Арыс халқы бір жүк көлік тиелген қажетті әрі тез бұзылмайтын азық-түлік жіберді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та апат орын алған аймаққа барып, зардап шеккен тұрғындармен кездесті.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өрттен зардап шеккен Қостанай облысының аумағын аралап, шұғыл әрекет ету штабының отырысын өткізді. Өңірдегі ахуалдың бақылауда екенін айтқан мемлекет басшысы апатты жою үшін барлық қажетті шаралар қабылданғанын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті: «Бұл жағдай тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Өңірдің экономикасына зор шығын келіп отыр. Өрт төрт аудан аумағына жайылды. Тағы 5 облыста өрт ошақтары пайжда болып жатыр. Күннің ыстық болып, желдің күшеюі өртті одан әрі өршітті. Мәселенің күрделі екені түсінікті. Сондықтан Үкімет пен Президент әкімшілігіне тиісті тапсырмалар бердім. Өртті тоқтату үшін қажетті шаралар қабылданды. Қазір ТЖ бақылауға алынды, өрт болған ауыл тұрғындары қауіпсіз жерген көшірілді».

Сонымен қатар, зардап шеккендермен кездескен Президент үйін тастап кетуге мәжбүр болған адамдарға толыққанды қолдау көрсетілетінін айтты. Осыған қатысты Үкімет пен жергілікті билік өкілдеріне тиісті тапсырма жүктеді. Дегенмен, қашан да көмек беруге дайын қазақ халқы қол қусырып қарап отырған жоқ. Бірден елден көмек жинап, Қостанай облысына жөнелтіп жатыр. Мәселен, Арыс халқы бір жүк көлігі тиелген қажетті заттарды Қостанай облысына жіберді.

Арыс халқы бір күнде 3 тонна ұн, 100 адамға лайықталған төсек жабдықтары, 1 тонна макарон, 500 литрге жуық өсімдік майы, 10 тонна ауыз су, 1 тонна картоп пен сәбіз, 3 тонна пияз, 1 ауыр жүк көлік қауын, жарты тонна орамжапырақ секілді тез бұзылмайтын азық-түлік өнімдері, гигиена құралдары мен бірінші кезектегі қажетті заттарды Қостанай облысына жөнелтті.

Су тасқыны орын алған сәтте елден жылулық көрдік деген мақтарал тұрғындары да бір түн ішінде 23 тоннадан астам гуманитарлық көмек жинады. Жіберілген азық-түлік өнімдерінің ішінде ұн, күнбағыс майы, ас тұзы, макарон, күріш, қарақұмық, маш, бұршақ, шекер, тез дайындалатын кеспе, пияз, печенье және ауыз су өнімдері бар. Сондай-ақ гигиеналық заттар мен 200 дана төсек орын жіберілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев штаб отырысы кезінде өрттің шығу себебін анықтау қажет екеніне тоқталды. Айтуынша, орман алқабын қайта қалпына келтіру үшін кешенді шаралар әзірлеп, алдағы уақытта осындай апатты жағдайларды болдырмау жөніндегі алдын алу жұмыстарын жүргізу қажет.