Кеше, яғни 3 қыркүйекте сағат 12 сағат 52 минут шамасында Отырар ауданы, Көксарай ауыл округі, Шеңгелді ауылы тұсында орман тоғай алқабының жануы бойынша Өрт сөндіру бөлімінің №101 номеріне хабарлама түсті.
Оқиға орнына «Сырдария-Түркістан» орман шаруашылығы мекемесінен 35 адам, 2 өрт сөндіру автокөлігі, Өрт сөндіру бөлімінен 30 адам 2 өрт сөндіру техникасы мен 1 нива, Полиция бөлімінен 2 адам, 1 техника, ауыл округі әкімшілігінен 5 адам 1 арнайы техника жұмылдырылып, өрттің беті сағат 17.40 шамасында қайтты, сағат 21.43 шамасында өрт толығымен өшірілді. Бұл ретте төтенше жағдай департаменті мен аталған орман шаруашылығы қызметкерлерінің айрықша жанкешті ерлігін айта кеткен жөн. Олар ұйытқи соққан желге қарамай, өртті сөндіріп, үлкен апаттың алдын ала білді.
Орман алқабының шамамен 10 га жуық жері өртенген. Адам шығыны орын алған жоқ.
Қазіргі таңда «Сырдария-Түркістан» орман шаруашылығы мекесінің 4 техникасы мен 35 адам өрт жанған алқапқа бақылау жұмыстарын жүргізу үшін кезекшілік ұйымдастыруда. Жағдай облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бақылауында.