Түркістан облысында мақта терімі басталды

119

Түркістан облысында мақта теру науқаны басталды. Биыл облыстағы мақта дақылының егіс көлемі 126,3 мың гектар, бұл жалпы егістіктің 15 %-ын құрайды. Бүгінде Жетісай, Мақтаарал аудандарында жиын-терім жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда қолда бар 595 бірлік техниканың 92%-ы жиын терім жұмыстарына дайын.

Биыл шитті мақтаның түсімділігі гектарына 27,3 центнерден түссе, жалпы 333,4 мың тонна жиналады деп болжанып отыр. Қазір бұл салады 25 мыңнан астам агроқұрылым еңбек етеді.

Бақдәулет Ақын, шаруа: «50 гектардай шамасында жерге мақта егіп жатырмыз. Шиттің сорты – сұлтан. Центнері қазір 20-25 тен түсіп жатыр. Құдай қаласа, арғы жағындағы екінші терімге 5 центнерден түссе 30-ға шамалап қаламыз. Комбайнмен теріп жатырмыз, комбайнның тиімді жағы – әрі тез бітеміз, оңай, адам салпақтатып жүрмейміз. Заводқа өткіздік, әлі бағасы шықпаған, 150 мың аванс беріп жатыр деді. Баға әлі жоқ».

Жетісай ауданында мақта теру науқанына 200-ден астам комбайн дайын дейді жауаптылар. 2021 жылы аудан бойынша 25 центнер өнім жиналса, биыл түсім одан көп болады деп жоспарланып отыр. Ал қазіргі таңда күніне 50-10 тонна өнім жиналып жатыр.

Ерқуат Тұрғымбаев, Жетісай аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің бас маманы: «Жалпы Жетісай ауданы бойынша бүгінгі таңға 49 500 гектар жерге мақта дақылы егілген. Қазіргі таңда егілген дақылдың 1000 гектарға жуығы теріліп, одан 2000 тонна өнім жиналды. Жалпы мақта терім науқанына 36 бригада, 1000-ға жуық терімшілер қатысуда. 50-ге жуық комбайндар қатысып жатыр әзірге. Қазір орташа бағасы қол терімінің 30-35 теңгеден болып жатыр. Комбайн терім науқаны жақсы жүріп жатыр».

Өткен жылы шитті мақта тоннасына 320 мың теңгеден қабылданған. Бүгінде мақта бағасының 1 тоннасы 374 мың теңге. Жалпы облыс көлемінде шитті мақтаны қабылдау үшін 18 мақта өңдеу зауытының 209 бірлік қабылдау бекеттері жұмыс істейді. Ал мемлекет тарапынан күзгі жиын терім жұмыстарына 48 мың тонна жанар-жағар май және 522 түрлі минералды тыңайтқыштар құнының 50 %-ын субсидиялауға бюджеттен 6 млрд.тг субсидия қаржысы бөлінген.