Түркістан облысында сора егістігі анықталды

54

«Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында, ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаментінің және Түркістан облысы бойынша Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері, ҚР Ұлттық ұланының «Бүркіт» арнайы жасағы және Түркістан облысы ПД жедел уәкілдерімен бірлесіп, Отырар ауданындағы Сырдария өзені жағалауының баурайынан есірткі егістігін анықтады.

Нақтырақ айтсақ, аталмыш қызметкерлер әуе жолы арқылы ұшып өту барысында есірткі, оның ішінде сораға ұқсас 760 түп орылып қойған өсімдікті тауып, тәркіледі. Сараптама қорытындысына сәйкес, бұл жалпы салмағы 1 тоннадан асатын «сора» есірткі өсімдігі болып шықты.
Одан бөлек жедел уәкілдер сол жерден өсіп тұрған есірткіге ұқсас 123 түпті тапты. Айғақты зат ретінде алынған түптер «сора» есірткісі екені расталды.
Аталған жайт Отырар АПБ-ға ҚР ҚК-нің 300-бабы 2-бөлігі «Құрамында есірткі заттары бар, өсіруге тыйым салынған өсімдіктерді заңсыз өсіру» бойынша тіркелді.
Полиция қызметкерлері есірткі қылмысына қатысты жедел-іздестіру шараларын жүргізді. Нәтижесінде күдікті ретінде Шымкент қаласының үш тұрғынын анықтады. Олардың біреуі қамауға алынса, екеуінің бас шарасы міндеттемеде. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Естеріңізге сала кетейік, Түркістан облысының аумағында «Қарасора-2022» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Оның негізгі мақсаты- есірткінің заңсыз айналымына байланысты қылмыстарды анықтау, құрамында есірткісі бар өсімдіктердің егістіктерін жою, есірткі трафигінің жолын кесу және есірткі мен басқа да тыйым салынған заттарды сақтау, өткізумен айналысатын адамдар мен ұйымдасқан қылмыстық топтарды ұстау болып табылады.