Түркістан облысында жыл соңына дейін 21 мектеп пайдалануға беріледі

Түркістан облысында құрылысы ұзаққа созылған мектептерге жауапты мердігерлермен келісімшарт бұзылды.

Олар Жетісай, Отырар және Қазығұрт аудандарында орналасқан білім ошақтары. Енді жобалық-сметалық құжат түзетіліп, сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін, жаңа мердігер мекеме анықталып, құрылыс жұмысы жалғасады. Облыс әкімі жауаптыларға өңірдегі мектептердің құрылысы мерзімінде аяқталуын қамтамасыз етіп, жұмыс сапасын қатаң бақылауда ұстауды тапсырды. Сондай-ақ, құрылыстың оқу процесіне кедергі келтірмеу керектігін ескертті.

Жалпы облыста 32 мектепті күрделі жөндеуден өткізу үшін 4 млрд теңгеден астам қаржы қаралған. Жыл соңына дейін оның жартысы толық жөндеуден өтеді.

Айта кетейік, Түркістан облысында биыл 59 мектептің құрылыс жұмысын жүргізуге 20,7 млрд. теңге қаржы қаралған. Ал жоспар бойынша жыл соңына дейін 21 білім ұясы пайдалануға беріледі.