Түркістан облысында 17 мың шақырымнан астам жол бар. Бүгінде оның 90 пайызынан астамы жақсы және қанағаттанарлық деңгейде. Сонымен қатар, қазір жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу басты назарға алынған. Ал туристік өңір саналатын Түркістанда киелі мекендерге алып баратын жолдың жағдайы қандай?
Биыл Түркістанда жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 92 пайызға жетеді. Бұл туралы облыстық автомобиль жолдарының басшысы Роллан Ибрагимов айтты. Сөзінше, 2018 жылы облыс құрылған уақытта бұл көрсеткіш 64 пайыз болған. Сондай-ақ басқарма басшысы қазір жергілікті маңызы бар жолдарды жөндеу жұмысы қарқынды жүріп жатқанын жеткізді.
Роллан Ибрагимов,Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Келесі жылы Түркістан төңірегіндегі барлық жергілікті маңызы бар жолдардың барлығы жөндеуден өтеді деген жоспарымыз бар. Бұл жоспар 90 пайызға орындалды деп айтсақ болады. Одан бөлек біз мына Түркістан облысы туризмге қатты көңіл бөлініп жатыр. Және мынау облыстың транзиттік әл-ауқатын жоғарылату мақсатында мына Батыс Еуропа, Батыс Қытай халықаралық дәлізіне балама жолдардың барлығы жөндеуден өткен. Қазіргі таңда мысалыға Шардара, Мақтаарал, Жетісай тұрғындары Түркістанға келу үшін республикалық жолмен емес, жергілікті жолмен жүруге толық мүмкідігі бар. Біз 1 жыл ішінде барлығын жөндеп шықтық».
Жалпы биыл облыстың жолдарын жөндеуге жергілікті бюджеттен 53 млрд. теңге қаражат бөлінген. Сондай-ақ, қазір Түркістандағы туристік нысандарға алып баратын жолдар да жөндеуден өтіп жатыр. Өйткені, күнгей өңірге келуші туристер қатары күн санап артып келеді. Ал жақсы және қанағаттарлық деңгейдегі жол-шаһардың көркін аша түседі.
Ролан Ибрагимов,Түркістан облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы: «Бізде туристік нысандарға баратын жолдардың барлығы жөндеуден өтуде. Және біз білесіздер Отырар ауданындағы Арыстан баб кесенесіне баратын жол қазір қайта жаңғыртудан өтуде. Бұл жерде төрт жолақты жол болады. Батыс Еуропа дәлізі сияқты ортасын бөліп тұратын жолағы болады. Отырар ескі қалашығына, Үкаш атаға баратын жолды да жөндеп жатыр».
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін жақсы жолдар үлесін 95 пайызға жеткізу керек екенін айтқан еді. Ал Түркістан облысында бұл көрсеткішке жету үшін ешқандай кедергі жоқ дейді жауаптылар.