Сарыағаш аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері шекарадан есірткі алып өтпек болған шетелдікті ұстады.
Нақтырақ айтсақ, Қазақстанның «Жібек-жолы» шекара бекетінен Өзбекстан Республикасына өтпекші болған шетелдік жас жігітке «Джайма» атты қызметтік ит белгі беріп тоқтатқан.
Полиция қызметкерлері ақпарат түсісімен оқиға орнына жетті. Шетелдікті тінту кезінде, оның аяқ киімінің ұлтарағының астынан есірткі затына ұқсас зат табылып, нәтижесінде ол «гашиш» болып шықты.
Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 286-бабы «Айналыстан алып қойылған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандасы» бойынша тіркеуге алды. Қазіргі таңда күдікті ер адам қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.