Он сегіз жасқа дейінгі балалардың арнайы шотына Ұлттық қордан ақша аударылады. Бала кәмелетке толғаннан кейін арнайы шотта жиналған ақша баспана сатып алуға және білім алуға беріледі. Бұл туралы президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқын жолдауында мәлімдеді.
Мемлекет басшысы әр отбасы елдің ұлттық байлығынан өз үлесін алуы қажет екенін атап өтті.
«Сол себепті өзім жариялаған Балалар жылы аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты түбегейлі жаңа бағдарламаны бастау маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50%-ін балалардың арнайы жинақтаушы шотына 18 жасқа толғанға дейін аударуды ұсынамын. Бұл ретте оны мерзімінен бұрын шешіп алуға болмайды», — деді Тоқаев парламент палаталарының бірлескен отырысында.
Бала кәмелетке толғаннан кейін арнайы шотта жиналған ақша баспана сатып алуға және білім алуға беріледі.
«Бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нағыз жолдама береді», — деп санайды мемлекет басшысы.
Тоқаев Ұлттық қор шынымен ұлттық деген мәртебеге ие болып, халықтың мүддесіне қызмет ететінін атап өтті.
«Бұл ауқымды бастаманың жіті пысықтау қажет екенін ескеріп, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосуды тапсырамын», — деді президент.