Шымкенттің шетінде орналасқан Бозарық шағынауданының тұрғындары өздерін бұрын өркениеттен тыс өмір сүріп жатқандай сезінетін. Инфрақұрылым мәселесін айтып, қала әкімдігіне бірнеше мәрте өтінішпен де шықты. Тұрғындардың талап тілегінен нәтиже шықты.
Бүгінде мұнда заман талабына сай барлық инфрақұрылым тартылған. Шеткі аумақты қаламен жалғайтын үлкен трасса салынды. Сапалы ауыз су, табиғи газ, жол бәрі де бар. Аталған жұмыстар әлі де жалғасын табуда.
Күні кеше Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Бозарық» шағынауданындағы 74 гектар жерге тартылып жатқан инженерлік-инфрақұрылым жүйелерінің құрылыс барысын көріп, жұмыс сапасын қадағалады. Алып аумақта атқарылып жатқан жұмыс та ауқымды. Аталған аумақтың 7 шақырымына электр энергиясы толықтай тартылып, құрылысы жүріп жатқан көп қабатты тұрғын үйлер қыркүйек айынан бастап сапалы электр қуатымен қамтылды.
Бұған қоса 4,1 шақырымды құрайтын газ құбырын тарту жұмыстары басталған. Құрылыс толығымен жыл соңына дейін аяқталады, ал әзірге тиісті жұмыстың 20 пайызы атқарылды.
Сондай-ақ мұнда жалпы ұзындығы 5,2 шақырымды құрайтын кәріз жүйесі тартылуда. Қазіргі уақытта құрылыстың 70 пайызға жуығы орындалып, жоспар бойынша қалған жұмыстар қараша айында толық аяқталады. Қаланың көп аумағында жоқ кәріз жүйесі Бозарық шағынауданында тартылып жатыр. Қала тұрғындарының әрбір өтініші жерде қалып жатқан жоқ. Кезең-кезңімен іске асырылуда. Өзі тұрған шағынауданның әрбір мәселесіне жіті назар аударып, қала басшысына жеткізіп отырған тұрғындардың белсенділігі де басым.
Әрбір істің сапалы болуын талап еткен шаһар басшысы нысандар құрылысы мерзімінде аяқталуы қажеттігін айтып, тиісті басқарма басшылары мен мердігер мекеме өкілдеріне тапсырма берді.