Шымкент қаласындағы «Түркістан» сарайында Оңтүстіктің тумасы, ақын, Мәжіліс депутаты Иса Қазыбек Жарылқасынұлының 60 жасқа толған мерейтойына арналған «Сырымды айттым далаға» атты шығармашылық кеші өтті.
Еске сала кетейік, ақынның шығармашылық кеші туған жері Шардара мен Түркістан қаласында да өткен болатын.
Кеш көрермендеріне Шымкент қалалық Мәдениет басқармасы «Түркістан» сарайында арнайы көрме ұйымдастырып, ақынның кітаптарын таныстырды. Рұхани кешке 2 мың адам қатысты.
Шығармашылық кеш Қазыбек Иса туралы түсірілген «Тәуелсіздікке 30 жыл» атты деректі фильммен басталып, ақынның өлендері оқылды. Сондай-ақ, Қазыбек Исаның өлеңдеріне жазылған бірнеше әндер орындалды.
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан сөз сөйлеп, Қазыбек Исаны бүкіл қала тұрғындарының атынан құттықтап, ақиық ақынның иығына шапан жапты.
Рухани кешке «Ақ жол» демпартиясының төрағасы Азат Перуашев, Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев, мемлекет және қоғам қайраткері Ислам Әбіш, профессор Қ.Ергөбек, Монғолия мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер Сұраған Рахмет, ақын Ханбибі Есенқарақызы, ақын Алмас Ахметбекұлы мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ақынның әріптестері Қазыбек Исаға өз арнауларын оқыды. Ал мерей той иесі өз кешінде тәуелсіздік жылдарда жазған еңбектері мен шығармашылығы туралы сөз қозғады.
Кеш қонақтары Қазыбек Исаның Парламент мінберінен ұлттық идеология мен мемекеттік тіл туралы қозғаған депутаттық сауалдары да тілге тиек етті.
Сонымен бірге «Қарттар үйі» директоры Шарбат Шырынбекова мен бір топ қариялар саясат пен мәдениетті ұштастырып жүрген ақын Қазыбек Исаға мекемелеріне газ қосу мәселесін шешіп бергені үшін ризашылықтарын айтып, шапан кигізіп, батасын берді.
Кеш соңында «Ақ жол» партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы Әлімхан Абжанов мемлекет және қоғам қайраткері Ислам Әбішті «Ақ жол» демпартиясының Президиуымы атынан ұзақ жылғы қажырлы еңбегі үшін «Еңбегім еліме» құрмет белгісімен марапттады.
Айта кетейік, Шымкент қаласының зиялы қауымының өкілдері «Ақ жол» демпартиясының бағдарламысын қолдайтындарын айтып, партия қатарына кіруге өтініш білдірді. Олардың қатарында филология ғылымының докторы, профессор Құлбек Ергөбек, әнші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Қадиша Шалабаевалар да бар.
«Ақ жол» лидері Азат Перуашев өтініш білдірген барлық азаматқа партия билеттері мен төсбелгісін табыс етті.