Балмұздақ цехының құрал-жабдығы жаңартылады

70

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Төлеби ауданына іс-сапары барысында балмұздақ цехының жұмысымен танысты. Мамандардың сөзінше жуырда өндіріс орнына су жаңа Австриялық құрал – жабдық орнатылмақ. Кәсіпорында балмұздақ, шоколад, тұшпара өнімдері де шығарылады. Сондай-ақ өңір басшысының назарына ауданда өндірілетін өзге де отандық өнім көрмесі де ұсынылды.

Бірінші Мамыр ауылдық округінде орналасқан балмұздақ цехы 1998 жылдан бері жұмыс істейді. Кәсіпорын жылына 3 мың тоннаға жуық балмұздақ, 15 тонна тұшпара, жарты миллион тоннадан астам шоколад өнімін өндіреді. Кәсіпорында 200-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Ал келер жылы өндіріс орны су жаңа австриялық құрал – жабдықпен қамтылады. Нәтижесінде шығарылатын өнім көлемі артады.

Сондай-ақ төлебиліктер ауданда өндірілетін тауар көрмесін де ұйымдастырды. Облыс әкімі шара барысында азық-түліктен бастап, аяқ киім және өзгеде өнімдермен танысып, кәсіпкерлермен тілдесті.

Айта кетсек, бүгінде Төлеби ауданында кәсіпкерлік саласында жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 8 мыңға жуықтаған. Ал шағын және орта бизнесті дамыту үшін жыл басынан бері жеке азаматтарға 3 млрд. 921 млн теңгенің несиесі беріліпті.

«Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде іріктеуден 2 жоба өткен. Енді бұл бизнес жоспарлар жыл соңына дейін «Даму» қоры арқылы қаржыландырылып, іске асады.

Азиза Өтеулиева