Шымкент қаласында инфрақұрылыммен қамту жұмыстары шағынаудандарда қарқынды жүргізілуде. Қала бойынша 15 нысанда газбен қамту құрылыс жұмыстары қолға алынған. Жыл соңында Батыс, Арғымақ, Ақтас, Ақтас-2, Ақжар, Көкбұлақ, Нұртас, Тұран — 2 кезек, Сәуле елдімекендері және Ақтас магистралды жүйелердің құрылысы аяқталады. Аталған шағынаудан тұрғындары табиғи отынмен қамтамасыз етсе деген өтініш тілектерін қала әкіміне айтқан болатын. Нәтижесінде 34 мыңнан астам адам табиғи газ жүйелеріне қосылмақ.
Шымкент қаласындағы Қаратау ауданы жаңадан құрылған аудандардың бірі. Аталған ауданда Инфрақұрылым мәселелері біртіндеп шешімін тауып келеді. Мұнда 8,9 шақырым газ құбыры тартылып, жұмыс толық аяқталды. Нәтижесінде 519 абонент көгілдір отынмен қамтылмақ. Қазіргі уақытта «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Шымкент филиалы тарапынан абоненттеу жұмысы жүргізілуде.
Биыл сапалы электрмен қамту мақсатында қалаға қарасты 6 елдімекенде құрылыс жұмысы қарқынды жүруде. Жыл соңында Достық, Тұран, Нұртас, Сәуле, Жаңаталап елдімекендерінде құрылыс жұмысы аяқталып, 22 мыңға жуық халық сапалы электрмен қамтылуға қол жеткізеді. Биылғы қамтылу көрсеткіші 98 пайызға болса, 2023 жылы мегаполистегі барлық елдімекендер 100 пайыз сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.
Ал Абай ауданына қарасты Солтүстік саяжай елдімекенінің тұрғындары сапалы электр қуатымен қамтыса деген арыздарын қала әкіміне дүркін дүркін жеткізген болатын. Нәтижесінде аталған жұмыс қолға алынып, бүгінде осы бағыттағы жұмыстар толығымен аяқталды. Осыған дейін Солтүстік саяжай елдімекені тұрғындары жекеменшік желіден сапасыз электр қуатын тұтынып келген болатын. Әрі электр қуаты үшін қымбат төлем жасайтын еді. Ең бастысы, бұған дейін тұрғындар 1кВ электр қуаты үшін 30-35 теңге төлеп келген болса, қазір ол баға арзандап, 17,96 теңгеге түсті. Бұл үшін де тұрғындар қуанулы. Сапалы электр қуатымен қамтылып бір, арзан төлеп екі қуанып отыр.
Аталған ауданға желі тарту барысында 4 773 электр бағанасы мен 70 трансформатор орнатылып, 145 шақырым электр желілері тартылды.
Сапалы электр қуатына қол жеткізген тұрғындар қажетті құжаттарды «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС мекемесіне өткізген соң мемлекеттік желіден электр тұтына алады.Соның арқасында Солтүстік саяжайдағы 5 784 абонент сапалы электр қуатымен қамтылмақ.