Шымкент қаласындағы ірі сауда базарларда соңғы 5 жылда 6 өрт орын алды. Ал былтыр бірнеше орын атап айтқанда, «Орталық Қырғы» базарында, «Шымкент-Тұлпар» ЖШС қарасты автобөлшектер базарында, «Сайдыгани» ЖШС мен «Альянс» ЖШС-на қарасты базарлар тілсіз жау құрсауында қалды.
Шымкент қаласының ТЖ департаменті жасаған талдауға сәйкес, электр құралдарының техникалық пайдалану және монтаждау тәртібінің бұзылуы көп ретте өрттің шығуына себеп болған.
Осыған байлынысты киімдер мен халық тұтынатын тауарларды сататын сауда орталықтарында болуы мүмкін өрттерді алдын алу үшін өрт-тактикалық оқу-жаттығулары өткізілуде.
Жаттығу «Автонұр», «Шымкент Тұлпар», «Самал», «Алаш» базарларында өткізіліп, сауда қатарларында электр сымдарының тұйықталуынан орын алған шартты өрттерді сөндіру тәртібі пысықталды.
Тактика тұрғысынан өрт жалыны көрші бутиктерге таралады. Нысанның күзетшілері жедел түрде «101» қызметіне хабарлайды. Өрт-тактикалық оқу-жаттығу орнына №2 шақыру бойынша шығу кестесіне сәйкес бағытталған күштер мен құралдар жөнелтіледі. Алғашқы келген бөлімшелер эвакуациялау жолдарын қорғауға және адамдарды қауіпсіз аймаққа шығару тәртібін пысықтаса, қалған бөлімшелер өрт ошағын іздеп,тауып сөндіру жұмыстарын жүргізеді. Жедел ден қою іс-қимылдардың арқасында өрттің таралуына жол берілмеді.
Шара барысында өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің негізгі және арнайы өрт сөндіру техникаларының, офицерлік және жеке құрамының, апаттар медицинасы орталығының, жедел-құтқару жасағының қызметкерлерінің, жол-патрульдік полиция қызметінің және қалалық энергетика, су шаруашылығы қызметтерінің дайындығы тексеріліп, өзара әрекет ету тәртібі бағаланады.