«BEREKE-fest» жәрмеңкесі өтті

37

Бүгін Шымкент қаласында 25 қазан — Ұлттық мереке — Республика күніне орай, ұлт тарихында елеулі орны бар кешегі ұлы тұлғалар Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Балуан Шолақ, Біржан сал, Иманжүсіп, Майра Уәлиқызы қатысқан Қоянды, Қарқаралы жәрмеңкесінің тарихи-мәдени-этнографиялық маңызын және 100 жылға ұмыт болған ұлттық жәрмеңке думанын қайта жаңғырту мақсатында «Мизам — береке мен бірлік мерекесі» -«BEREKE-fest» жәрмеңкесі өтті.

Алтын күз мерекесіне Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бауыржан Әлтеев, әлеуметтік әріптес – Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының директоры Бахтияр Әбілұлы, ҚР мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының қалалық филиалының құрамына кіретін бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшелері және ұлттық өнерге жанашыр қала тұрғындары мен қолөнер шеберлері қатысты.
Жәрмеңкеде Отырар, Ордабасы, Шардара, Сауран, Бәйдібек ауданының мәдениет үйлері өнерпаздары мемлекет және қоғам қайраткерлері А.Асқаровтың 100 жылдығы, жазушы Ш.Мұртазаның 90 жылдығы, этнограф-ғалым А.Сейдімбектің 80 жылдық мерейтойларына арналған арнайы бағдарламасымен өнер сайысы да биік деңгейде өтті. Мемлекет басшысы қоғам қайраткерлерінің мерейтойлары жоғары дәрежеде атап өтілсін деп пәрмен берген болатын. Биыл қаламызда ұлтқа қызмет еткен ұлы тұлғаларды дәріптеп жоғары деңгейде атап өтілуде.
Шара барысында ауылшаруашылық өнімдері жәрмеңкесі, қолөнер шеберлерінің көрмесі, цирк өнерпаздары, ұлттық өнер мен спорт майталмандарының сайысы өтіп, арнайы жүлделермен марапатталды.
Сайысқа өңірімізге белгілі ҚР мәдениет қайраткері, жазушы, журналист Күлия Смайылханқызы, кинорежиссер, “САҚ” киностудиясының директоры Батырхан Дәуренбеков, ақын, жазушы Бақытжан Алдияр қазылық етіп, өз бағаларын берді.
Атаулы мереке жоғары деңгейде өтіп, ұлттық өнерге жанашыр қала тұрғындары, аудан өнерпаздары, қолөнер шеберлері, мәдениет қызметкерлерінің көңілінен шықты.