Шымкенттегі Д. Қонаев даңғылы мен Т. Рысқұлов көшесінің қиылысындағы жолайырық құрылысы толығымен аяқталып, ел игілігіне берілді. Бұған дейін техникалық түрде ашылған жолайырықта жерасты өткелі мен абаттандыру жұмыстары бітпеген еді. Ал бүгін республика күні қарсаңында, қала тұрғындарының тіршілігіне маңызды нысанның салтанатты ашылуы болды.
Мемлекет басшысының тұрғындарға қолайлы жағдай жасау туралы тапсырмасын өңірімізде осылайша жүзеге асырылуда.
Бірнеше жылда адам танымастай өзгерген үшінші мегаполис астаналық азаматты таң қалдырды. Бекзат Бағысбаев Шымкенттің ерекше кейпін көру үшін арнайы велоспидпен серуендеп жүр екен. Бүгін арнайы қаладағы маңызды әрі соңғы салынған нысандардың бірі Қонаев-Рысқұлов жолайырығын көруге келіпті.
Бекзат Бағысбаев, Астана қаласының тұрғыны: «Барлығы ұнап жатыр. Шымкент өте керемет өзгеріпті. Мына жолайырықта ерекше салынған екен. Кеше Астанадан келіп, барлығын аралап көріп жатырмын. Астанаға қарағанда әлдеқайда әдемі болып кетіпті Шымкент».
Астаналық азаматтың көңілінен шыққан Қонаев-Рысқұлов жолайырығы бүгін толығымен аяқталып, пайдалануға берілді. Жолайырықтың соңғы кезеңінде, жерасты өткелі салынып, абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Өздеріңіздің естеріңізде болса, жолды кезек-кезегімен аштық. Бірінші Д. Қонаев даңғылын аштық. Кейіннен Т. Рысқұлов көшесін уақытша пайдалануға бердік. Жаз айларында қосымша жаяу жүргіншілер өтетін туннель жасадық. Енді міне, бәрін аяқтап жолайырықты толық пайдалануға бердік. Қала тұрғындарын құттықтаймын».
Республика күні қарсаңында жолайырықтың ресми салтанатты ашылуы өтіп, қала әкімі мен зиялы қауым өкілдері ағаш отырғызды. «Отырар» телеарнасының ұжымы да мегаполистағы маңызды нысан маңына өз ағашын екті.
Жалпы, нысан құрылысы мемлекеттік сараптама бойынша 32 айда аяқталды. Ал, 2021 жылдың соңында, көлік кептелісін азайту мақсатында, жолайырық техникалық тұрғыда көлік қозғалысына ашылған еді. Уақытша болғандықтан, талапқа сай емес болды. Бірақ қазір бәрі ретке келтірілді дейді мердігер мекеме басшысы.
Хурам Яхшыбаевич, “Bazis Construction” ЖШС аймақтық директоры: «Бізде бірқатар кемшіліктер болды, әрине. Бірақ, ең бастысы қазір барлығы жойылды. Енді жолайырық құрылысында көлік жүргізушілеріне ешқандай кедергі туындамайды. Бізде 5 жыл кепілдік бар. Егер қандай да бір ақаулықтар пайда болса, оны біз жауапкершілігімізге аламыз. Үнемі бақылап, қарап отырамыз».
Айта кетейік, жолайырықтың техникалық сипатына орай Д.Қонаев көшесінде 1030 метр, Т. Рысқұлов көшесінде 684,7 метр көше аралығы құрылыс аумағына енген. Жоба бойынша жолдың ені 42 метрлі төрт және алты жолақты. Зерделеу жұмыстарының қорытындысына сай 2019 жылы көшелердің көлік өткізгіштігі тәулігіне 27 775 болса, бүгінде бұл көрсеткіш 65 820-ке жоғарылап отыр.