Шымкент қаласында білікті мамандардан құралған дәрігерлер тобы Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйіне арнайы барып, медициналық көмек көрсетуде. Профилактикалық шара кезінде кезінде ақ халаттылар егде жастағыларға медициналық кеңес қана беріп қоймай, диагностикалық тексеру жүргізді.
Ардагерлердің үйінде болған, дәрігерлер құрамында терапевт, хирург, кардиолог, невропатолог, психолог, әлеуметтік көмек көрсететін мамандар бар. Профилактикалық шара кезінде медицина қызметкерлері ЭКГ, қан сараптамасын алып, тексеру жұмыстарын жүргізуде. Медициналық тексеру қорытындысы бойынша дәрігерлер қарттарға нақты кеңестер беріп, қажетті емдеу шараларын тағайындады.
Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша 4 ҰОС ардагері диспансерлік есепте тұрады. Егде жастағы азаматтар жоспар бойынша жылына екі рет медициналық тексеруден өтіп, көп жағдайда стационар қызметкерлері үй жағдайында медициналық көмек көрсетеді. Мұнан бөлек, денсаулық жағдайына байланысты шипажайға тегін жолдама арқылы сауықтырудан өтіп, қарт кісілерге қажетті дәрі-дәрмектерді медицина мамандары үйіне жеткізіп береді. Қажет болған жағдайда қымбат тұратын құрылғылардан тегін өту қызметі де ұсынылады. Мүмкіндігінше ардагерлерге барынша жағдай жасалуда.
Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан қолға алынған ауқымды шараға ардагерлер алғысын айтып отыр. Онсыз да күннен күнге қатары азайып бара жатқан ардагерлер қандай қамқорлық жасасақ та аздық етпейді. Алдағы уақытта да аталмыш бағыттағы ауқымды шара жалғасын табатын болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі
Қазақстан халқына Жолдауында «Әлеуметтік жағынан әлсіз топтағы азаматтарға барынша қолдау көрсетеміз», деген болатын.