Дронның көмегімен айыппұл салынды

18

Дронның көмегімен жол ережесін өрескел бұзған 22 жүргізуші анықталып, 1 миллионнан астам айыппұл салынды. Түркістан облысында жол апаттарының алдын алуда біршама рейдтік-профилактикалық іс-шаралар атқарылуда.

Мәселен Сарыағаш ауданына қарасты республикалық маңызы бар «Сарыағаш-Жібек жолы» тас жолы бойында полицейлер, дрон кешенді жүйесін пайдалана отырып, жұмыстар жасады.
Әуеге ұшырылған бейнебақылау құрылғысының назарына жол ережесін өрескел бұзып, қарсы жолаққа шыққан жүргізушілер ілінді. Нәтижесінде 1 тәулік ішінде 22 жүргізуші анықталып,шара көрілді. Яғни жүргізушілерге ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабы 2-бөлігі «Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу, сол сияқты ұйымдасқан көлiк колоннасын немесе жаяу колоннаны кесiп өту не оның арасынан орын алу» бойынша 22 хаттама толтырылды.
Сондай-ақ көлік жүргізушілеріне қарсы қозғалыс жолағына шықпау керектігі ескертілді. Бұл рейдтік-профилактикалық шара облыстың авариялық-қауіпті учаскелерінде алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Аталмыш шара жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде оң септігін тигізеді.