Оқиға 2022 жылдың 18-қыркүйегінде, кешкі сағат 20:00-дер шамасында, қаладағы ірі сауда орындарының бірінде орын алған.
Әл-Фараби АПБ-ның кезекші бөліміне жергілікті жердің 48 жастағы тұрғыны арызданған. Ол арызында, дүкеніне белгісіз азамат келіп, әрқайсысы 150.000 теңге тұратын 3 дана сурет картинасын алып, телефон қосымшасындағы электронды жалған түбіртекті көрсетіп, оқиға орнынан бой тасалағанын жазып көрсеткен. Жәбірленушіге келтірілген жалпы шығын көлемі 450.000 (төрт жүз елу мың) теңгені құрап отыр.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігімен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.
Тәртіп сақшылары жедел іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде, күдіктіні тәулік ішінде қала аумағынан қолға түсірді. Ол Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Жасы — 33-де, жұмыссыз.
Ұсталған азамат өз кінәсін толықтай мойындап, бұл картиналарды достарына сыйлыққа бермек болғанын жеткізді.
Қазіргі кезде полицейлер күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы барын анықтауда. Тергеу амалдары жүргізілуде.