Танымал боксшы Ангелина Лукас кәсіпқой мансабындағы екінші жекпе-жекте жеңіске жетті. Ол бәске тігілген арнайы белбеуді қанжығаға байлады. Стамбұлда өткен жекпе- жектен жеңіспен оралған ең әдемі боксшыны шымкенттіктер әуежайда сән-салтанатымен күтіп алды.
Кезекті жекпе – жектен жеңіспен оралған Ангелина Лукасты Шымкент әуежайында ерекше құрметпен күтіп алды. Ең әдемі боксшының жанкүйерлері онымен суретке түсіп, қолтаңбасын алуға асықты. Ол бәске тігілген UBO International белбеуін қанжығаға байлады. Стамбұлда өткен бокс кешінде өнер көрсеткен қазақстандық спортшы украиналық Алена Гурьевамен жұдырықтасты.
Жекпе-жек әрқайсысы екі минуттық сегіз раундқа жоспарланған болатын. Десе де қазақстандық боксшы екінші раундта -ақ мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Ангелинаның сөзінше, оның қарсыласы көзіндегі жарақатқа байланысты әрі қарай жұдықтасудан бас тартқан. Чемпион бұл спорттық додада жеңіске жетуге арнайы техниканың сеп болғанын да алға тартады. Жаңа титулға қол жеткізген Ангелина, бұл жеңісін қайта жаңғырған мереке – Республика күніне тартуы деп есептейді.
«Мен бұл жеңісімді Республика күніне және Ішкі істерминистрлігінің министрі Ахметжановқа арнағым келеді. Ол жуырда ғана полковник генералы шенін алған еді. Менің ерекше тактикам бар. Мен жекпе-жекте бірінші өзім бастап, көп соққы беруге тырысамын. Бірінші раундтан-ақ өз күшімді біліп отырамын. Көбісі мұндай техниканы жасамайды. Олар әлі 8 раунд бар, сондықтан күшімді жоғалтпауым қажет деп ойлайды.
Екінші раунда қарсыласым жекпе-жектен бас тартты. Себебі ол көз жарақатын алған болатын.
Қазақстандық чемпион өз өнерімен түркиялық спортшыларды таң қалдырды. Ангелинаның сөзінше, жекпе -жек аяқталған соң отандық боксшы қарсыласымен қол алысқан.
Ангелина Лукас, боксшы: «Біздің жекпе-жек арнайы кемеде ұйымдастырылды. Адамдар да көп болғандықтан кеме кішкене қозғалып тұрды. Сол мезетте мен енді қалай бокстасамын деп қорқа бастадым. Дегенмен алған әсерім ерекше болды. Себебі мұндай локацияда алғаш рет жұдықтасуым. Бокс кеші жоғары деңгейде өтті. Ал дода аяқталған соң, менің қарсыласым мені құшақтап, жеңісіммен құттықтады. Одан соң ол маған бәрі осылай тез аяқталады деп ойламағанын айтты. Меніңше ол сегіз раунд бойы титулға таласамыз деп ойлаған.
Айта кетсек, қазақстандық боксшы Ангелина Лукас кәсіпқой мансабында осымен екінші жекпе-жектен жеңіске жетіп отыр. Десе де арнайы титулға алғаш рет қол жеткізді. Енді нәзік жанды Қазақстанның намысын бокстан әлем чемпионатында қорғайтын болады.
Мемлекет басшысы ел намысын әлемдік додаларда көкке көтеріп жүрген спортшыларға барынша жағдай жасау қажеттігі туралы тапсырма берген болатын.