Еурокомиссия Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігінің деңгейін оң бағалады, деп хабарлайды индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.
Брюссель қаласында Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев бастаған қазақстандық делегация Еуропалық комиссиямен, ұшу қауіпсіздігі жөніндегі Еуропалық агенттікпен (EASA) және Еуропалық Одақ мүшелері мемлекеттер өкілдерімен техникалық кездесу өткізді.
Еуропалық Комиссия делегациясының басшысы 2019 жылдан бастап Қазақстанда іске асырылып жатқан азаматтық авиацияны реттеудің еуропалық моделін жоғары бағалап қолдады және бұл ұшу қауіпсіздігінің еуропалық стандарттарына толық сәйкес келетін әлемдегі ең озық және ең тиімді тәсілдердің бірі болып табылатынын атап өтті.
Сондай-ақ, Еурокомиссия ұшуға жарамдылық, ұшуды пайдалану, әуе персоналын лицензиялау, ұшу қауіпсіздігі басқармасы, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі процестерін стандарттау және ұйымның жаңартылған құрылымы салаларында атқарылған жұмыстардың барысын оң бағалап, осы бағыттағы жұмысты жалғастыруға шақырды. Еуропалық тарап осы мәселелерде жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.
Қазақстанның авиациялық биліктері ұсынған прогресс негізінде Еуропалық комиссия өкілдері бүгінгі күні қазақстандық авиакомпанияларда Еурокомиссияның ұшу қауіпсіздігі тізіміне («қара тізім») және Еуропаға ұшуға қандай да бір шектеулер енгізу бойынша қауіптер жоқ екенін растады.