Қазақстан премьер-министрі Әлихан Смайылов елімізге жұмыс сапарымен келген Германияның сыртқы істер министрі Анналена Бербокпен кездесті, деп хабарлайды үкіметтің баспасөз қызметі.
Екі тарап арадағы сауда-экономикалық қарым қатынасты нығайтуды көздейді. Германия – Қазақстанның Еуропалық одақтағы маңызды сауда-экономикалық және инвестициялық серіктесі.
Осыған байланысты Астана әлемдік экономикадағы жағымсыз факторларға қарамастан, Берлинмен өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін сақтап, әрі қарай нығайтуға ниетті.
«Өткен жылы Қазақстанда неміс инвестицияларының көлемі 25%-ке артып, 320 млн доллардан асты. Екі ел арасындағы тауар айналымы да өткен жылы 6%-тен, астамға өсіп, 2,2 млрд долларды құрады. Биыл да бұл көрсеткіштер өсіп келеді. «Инвестициялық ынтымақтастықты арттыру және өзара сауда көлемін ұлғайту бойынша айтарлықтай әлеуетіміз бар», — деді Әлихан Смайылов.
Екі ел арасындағы қуаты 45 ГВт жел және күн электр станциялары мен «жасыл» сутегі өндіретін энергетикалық кешен салу жоспарланып жатыр. Сонымен қатар премьер-министр Астанада Германия халықаралық ынтымақтастық қоғамының қамқорлығымен Сутегі дипломатиясы кеңсесін ашу бастамасының маңызын атап өтті.
Өз кезегінде Анналена Бербок Қазақстанның соңғы жылдары экономикалық және қоғамдық-саяси салалардағы елеулі прогресін атап өтті.
«Екі тарапқа да тиімді болуы үшін экономикалық қатынастарды тең дәрежеде дамыту маңызды деп санаймыз», — деді Германияның сыртқы істер министрі А.Бербок.