Шымкентте оқушылардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін арттыру мақсатында ерекше байқау өтті. Жарыста мектеп аулаларын абаттандыру, жеке жылыжайдың болуы сынды бірқатар номинация бойынша үздіктер анықталды.
Шымкентте ерекше форматта өткен «Мектептің гүлденгені — Қаланың гүлденгені» атты мектепаралық байқауы аяқталды. Онда білім ұялары ауласын көгалдандыру, жеке жылыжайын құру, экологиялық таза өнімдерді пайдалану бойынша сынға түсіп, үздіктер анықталды.
Жарысқа мегаполистегі 34 мектеп қатысып, жеңімпаздарды «Үздік мектеп жанындағы экотропа», «Үздік ландшафтық дизайн», «Үздік экскурсовод», «Экотропа бойынша бейне экскурсия» номинациялары бойынша анықтады. Соның ішінде үздік экотропа бойынша жүзден жүйрік шыққан 9 сынып оқушысы Пернехан Алмабай 2 апта бойы тыңғылықты дайындалғанын айтады.
Пернехан Алмабай, №90 мектеп-гимназиясының оқушысы: “Біздің 90 мектеп осы жарысқа қатысып, экотропа бойынша 1 орын иеленді. Біз ұзақ дайындалдық. Мектебіміздің ағаштары жайқалып, жылыжайы әдемі көрінгенін қадағаладық. Экотропа бойынша 1 аптадан аса дайындалдық , оған 2 оқушы қатыстық. Экотропа бойынша мәселелерді тауып, мақсатымыз соның алдын алу болды”.
Сайыс 30 қыркүйек пен 3 қазан аралығында өткізілді. Ал қазылар алқасы 2 күн бойы үміркерлерді аралап байқау шарттарына сай келетін мектепті саралады. Байқауға қатысушы оқушылардың еңбегіне табиғат жанашырлары, Сайрам-Өгем ұлттық паркі мен Дендросаябақ қызметкерлері баға берді.
Ұлжан Камытбекова, «Экология, өлкетану және туризм орталығы» КММ директоры: “Байқауымыздың мақсаты — экологиялық сауаттылыққа, айналаны таза ұстауға баулу. Жарысқа қала мектептері қатысты. Жеңімпаздарға келетін болсақ 24 мектеп жеңіске жетті. Біз қаламыздағы мектептерімен мақтанамыз”
Жеңімпаздар құрметіне орай балалар өнер мектебінің шәкірттері ән мен биден шашу шашты. Айта кетейік бірінші рет ұйымдастырылған байқау келесі жылы да өз жалғасын таппақ.