Мемлекеттік қызмет — зор жауапкершілік

35

Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жас мемлекеттік қызметкерлермен кездесіп, еркін форматта әңгімелесті. ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті іс-шараны 25 қазан – Республика күні мерекесіне орай ұйымдастырды.

Кездесуді өткізудегі мақсат – мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру, «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметіне алғаш кірген мемлекеттік қызметшілерге мотивациялық серпін беру.

Жиында Ш.Мұқан мемлекеттік қызметке дарынды жастарды тарту, мемлекеттік қызметшілердің білімі мен біліктілігін және дағдыларын үздіксіз жетілдіру, кәсіби және жеке құзіреттіліктерін арттырудың маңызы туралы айтып берді.

– Мемлекеттік қызметшіге артылар жауапкершілік жүгі ауыр. Әрбір мемлекеттік қызметші қызметтік этиканы сақтап, өзінің барлық күш-жігерін, білімі мен тәжірибесін еліне адал қызмет етуге жұмсауы тиіс. Мемлекеттік қызмет – бұл үлкен жауапкершілік. Өз салаларыңның үздік маманы болыңдар, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы Әли Көмекбаев, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Әділет Нысанбаев мұндай іс-шаралар мемлекеттік қызметшінің халық алдындағы патриоттық сезімін оятып, жауапкершілігін арттыруға септігін тигізетініне тоқталды.

Кездесу бейресми, еркін форматта өтті. Жастар толғандырған сауалдарын қойды.
«Шымкент келбеті»