Қоғамдық кеңес мүшелері Шымкентте жылдамдық белгісінің екі режимін енгізуді ұсынды

205

Қоғамдық кеңес мүшелері полиция департаменді өкілдерімен бірлесе отырып, қала көшелеріндегі проблемаларды талқылады. Өзекті мәселелер қатарында сергек камерасы, жол белгілері мен жылдамдықтың шектелуі болды. Жиынның бір ерекшелігі кеңес проблемалық аймақтарда өтті. Белсенді азаматтар мен полиция қызметкерлері мәселелі нысандарды аралады.

Бұл автобуста проблемалы аймақтарды анықтауға шыққан делегация өкілдері бар. Олар мәселесі қордаланған жерлерді жолай зерделеп, қажет болған жағдайда олқылықтарды дәл сол жерде талқылап шешуге мүмкіндік алды. Ал полиция департаментінің басшысы мәселелі орыннан қарамағындағыларға тапсырма беріп отырса, қоғамдық кеңес мүшелері өз ұсыныстарын жеткізді.

Евгений Яворский, Шымкент қалалық қоғамдық кеңес мүшесі: “Қалада кептеліс көбейіп барады. барлық жерде 40 км сағатына жүру керек деген белгі қойылған. Ол кептелісті үдете түспей ме? Мектептердің айналасында сабақ уақытында 40 км-мен жүріп, кешкісін ең болмағанда 60 км сағатына жылдамдықпен жүретін етіп өзгертсе қалай болар екен?” .

Қоғамдық кеңес мүшелері жолдардағы көлік қозғалысына алаңдаушылық білдірді. Олар қауіпсіздікті сақтай отырып, жылдамдықты шектеу белгісінің бірнеше режимі енгізілсе деген ұсынысын айтты. Мысалы, көліктер күндіз мектептің жанынан сағатына 40 км, ал кешкі 20:00-ден таңға дейін 60 км жылдамдықпен жүруге рұқсат берсе дейді.

Қайрат Дәлбеков, Шымкент қаласы бойынша ПД басшысы: “Кеңес мүшелерінің ұсыныстары бойынша тексеріс жүргізіп көру керек. Қаладағы жол белгілері бойынша қандай да бір олқылық шықса, тез арада шешімін табу өте маңызды”.

Бұл мәселе бойынша тұрғындар тарапынан да бірнеше рет өтініш түскен болатынн. Егер қала көшелерінде қандай да бір кемшіліктерге байланысты ұсыныс туындаса, тұрғындар қоғамдық кеңес пен әкімдікке жүгіне алады. Олар жауапты орындармен мәселені ортақ талқылап, бір шешімін шығаратын болады.