Сайрамда этнос жастары арасында ұлттық спорт түрлерінен сайыс өтті

68

Сайрам ауданы, Ақсукент ауылында этнос жастары арасында қазақ халқының ұлттық ойындарынан сайыс өтті. Жарыс Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағарту жобасы аясында жүзеге асты. Республика күніне орай ұйымдастырылған додаға облыстың 9 ауданының этнос жастарынан құралған командалар қатысты. Олар ұлттық ойынның 8 түрінен бақ сынады. 

Сайрамда этнос өкілдері арасында ұлттық ойын түрлерінен жарыс өтті. Ақсукент ауылында өткен сайысқа 9 ауданның жас спортшылары қатысты. Ұлттық өнерді ұлықтаған дода Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» мәдени-ағарту жобасы аясында жүзеге асып отыр.

Мадияр Оразалиев, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары: «Қазақ халқы ұлттық ойындарға бай халық. Ата-бабаларымыз осы ойындар арқылы ұрпақтың мықты әрі жігерлі болып өсуіне ықпал етіп, олардың береке-бірлігі мен ынтымағын жалғастырып отырған. Күні кеше Түркияның Изник қаласында ІV Дүниежүзілік көшпенділер сайысы өткенін білесіздер. Әлемнің 102 мемлекетінен 3 мыңнан астам спортшы қатысқан әлемдік додада Қазақстан құрама сапында өнер көрсеткен жерлестеріміз ұлттық спорттың туын жықпай, айтулы жеңістерге қол жеткізді. Бүгінгі сайысқа қатысушылар да сондай дүбірлі додаларға үкілеп қосатын спортшыларымыздың жолын жалғастырып, жеңіс тұғырынан көріне берсін!».

Этнос жастарынан құралған командалар ұлттық ойынның сегіз түрінен бақ сынады. Атап айтқанда, жас ерекшеліктеріне қарай, садақ, асық ату, қошқар көтеру, қазақ күресі, қол күрес, тоғызқұмалақ және арқан тартудан сайысқа түсті.

Тахир Сүлейменов, Түркістан облыстық күрд этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары: «Бүгінгі жарысқа шәкірттерімізді алып келдік. Біздің спортшылар қол күресі, садақ, асық ату, қазақша күрес бойынша сайысқа түседі. Мұндай жарыстар жиі өтіп тұруы қажет. Бұл барлық этнос өкілдерінің бір-бірімен жақын араласуына және ұлттық спорттың дамуына үлкен үлесін қосады. Балалардың спортқа деген қызығуышылығын арттыруда мұндай іс-шаралардың маңызы зор. Біздің спортшыларымыз қошқар көтеруден, қол күрестен және асық атудан өте мықты. Сол себепті осы үш спорт түрінен бүгін жеңіске жетеміз деп ойлаймыз!»

Сайыс соңында жеңімпаз бен жүлдегерлерге 100, 80 және 60 мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық берілді. Ал қошқар көтеру сайысында сынға түскен сайрамдық Мухамедали Сайдазимов қошқарды 50 рет көтеріп, жеңімпаз атанды. Сондай-ақ, қазақ күресінен үздік болған Жетісай ауданының спортшысы Абдулла Нуров сайыстың «Түйе балуаны» атанды. Жарыс алдағы уақытта өз жалғасын табады деп жоспарланып отыр.