Түркістан облысында көлік жүргізушісі ер адамды қағып кетті.
28 қыркүйек күні Сарыағаш аудандық полиция бөліміне орталық ауруханадан жергілікті тұрғындардың бірі жол-көлік оқиғасынан зардап шеккені туралы хабарлама келген. Полицияның мәліметіне сүйенсек, Сарыағаш қаласы арқылы өтетін Жібек жолы-Жетісай тас жолында Mercedes-Benz жүргізушісі алдынан шыққан ер адамға қарамай, оны көлігімен қағып, апат орнынан қашып кеткен. Тәртіп сақшылары жол ережесін бұзған жүргізушінің жеке басын анықтап, оны қала көшелерінің бірінде ұстаған.
Ол – жүргізуші куәлігі жоқ, 22 жастағы жас жігіт болып шықты. Қазіргі таңда көлік айыптұраққа қойылып, жүргізушіге қатысты екі хаттама толтырылды. Ал жол апаты салдарынан жарақат алған жәбірленуші аураханада ем қабылдап жатыр.
Гүлнар Абдужаппарова, Түркістан облысы ПД баспасөз хатшысы: «Оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 610-бабы 2-бөлігі, 612-бабының 2-бөлігімен екі бірдей хаттама толтырылды. Оның көлігі айыптұраққа қойылды. Сонымен қатар, бүгінгі таңда ҚР ҚК-нің 345-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сараптамалар тағайындалды. Қазіргі таңда жәбірленуші ауруханада ем қабылдауда».