Шөп тиелген көлікке от қойып, бақылап отырған…

45

Сайрам ауданындағы көшелердің бірінде, белгісіз біреу 280 сығымдалған шөп артқан жүк көлігіне от қойып, өзі өртті бақылап отырған. Бұл туралы Сайрам АПБ-ның кезекші бөліміне кешкі сағат 21:50 шамасында хабарлама келіп түскен.

Жедел тексеру нәтижесінде шөп артып алған «ГАЗ 53» маркалы жүк көлігін жол бойында отырған белгісіз азамат жағып жібергені анықталды. Ол шөпке өрт қойып, орындыққа барып отырып оның қалай жанғанын бақылаған.

Кейін белгілі болғандай масаң күйде болған азамат не үшін мұндай қадамға барғанын түсіндіріп бере алмаған. Ал оқиға салдарынан жәбірленуші, яғни көлік иесі 6 млн. теңге шығынға батты.

Ержан Кенесарин, Сайрам АПБ-ның тергеу бөлімі бастығының міндетін атқарушы: “Жол бойында тұрған көлік өртеріп жатқаны жайында хабарлама түсті. Жедел тексеру барысында Сайрам ауданының тұрғыны көлікке өрт қойғаны анықталды. Іс ҚР ҚК 202-бабы «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Қазір күдікті уақытқа тергеу изоляторына қамауға алынды».