Шымкент қаласындағы Көкбұлақ тұрғыналабының тұрғындары табиғи газбен қамтылды. Көптен күткен көгілдір отынға қол жеткізген халықтың қуанышында шек жоқ. Сала жауаптыларының айтуынша, қазіргі таңда мегаполиске газ тарту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Биылдың өзінде 8 елдімекен табиғи газға қосылыпты.
40 жылдан бері көмір жағып, отын жарып күн көріп келген Гүлбара Үркімбаеваның үйіне бүгін табиғи газ кірді. Қария жыл сайын күн суытса қысқа қамданып әбігерге түсетін едік дейді. Ал биыл немерелеріммен жылы үйде уайымсыз отыратын болдым деп қуанып отыр.
«Келгенімізге 40 жыл болды міне. Осы уақытқа дейін көмірмен, тезекпен отырғанбыз. Өзіміз істеп. Осылай газ беріп, қолымызды жылы суға малып жатқанына қуаныштымыз. Сіздерге көп-көп рақмет»,дейді Гүлбарам Үркімбаева.
Көкбұлақ тұрғыналабы бүгін толығымен көгілдір отынмен қамтылды. Бірақ есік алдындағы газды үйге кіргізу тұрғындардың өз жауапкершілігінде дейді мамандар. Алайда, қазірдің өзінде магистралды газ құбыры тартылған елдімекенде «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Шымкент өндірістік филиалы тарапынан абоненттеу жұмыстары басталған.
Боранбай Болатбеков, Шымкент қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы: «Осы жерде 425 үй бар. Сол үйге енді біз үкімет тарапынан мемлекеттік газға қосылуға мүмкіндлік беріп жатырмыз. Енді әр тұрғын өз есебінен жалдап, сары жәшіктен үйіне тартып алу әр азаматтың өзінің міндеті».
Үшінші мегаполисте инженерлік инфрақұрылым мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп келеді. Осылай деген қала әкімі Мұрат Әйтенов Шымкенттің 100 пайызы инфрақұрылыммен қамтылар күн де алыс емес дейді.
Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «2020 жылы Шымкент қаласына кейіннен қосылған елдімекендерге зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Сонда әр елдімкенге не жетіспейтінін анықтап, жобалық сметалық құжаттарды дайындадық. Сол кезде халықпен кездескен кезде де тұрғындардың көбі тек инфрақұрылым мәселесін көтеретін еді. Қарапайым газ, свет, су жоқ деп. Бұрын тасымалды су болған еді. Бүгін міне екі жылдың нәтижесінде қазір тұрғындар басқа жеке мәселе, көбісінде мына енді кезіндегі қосылмай қалған үйлерді айтып келеді. Мектеп, емхана салу проблемасы бар. Ең бастысы инфрақұрылым шешіліп келеді»
Биыл қалада 11 елдімекенде табиғи газбен қамту жұмысы басталған. Оның 8-і жыл соңына дейін көгілдір отынға қосылса, қалғаны келесі жылға өтпелі. Жалпы 2022 жылы 34 мыңнан астам тұрғын табиғи газ жүйесіне қосылады деп жоспарланып отыр.