Шымкент: М.Сапарбаевты еске алуға арналған халықаралық турнир басталды

46

Шымкентте грек-рим күресінен халықаралық ашық турнир басталды. Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан және еліміздің ұлттық құрамаларының бірінші нөмірлі балуандары қатысып жатқан спорттық дода грек –рим күресінен академик Мардан Сапарбаевты еске алу мақсатында ұйымдастырылған.

Осымен 28 -ші рет өткізіліп жатқан сайыста 250-ге жуық спортшы бағын сынауда. Турнирдің ашылу салтанатында грек рим күресінен Азия чемпионы атанған спортшы Мейіржан Шермаханбетке темір тұлпар сыйға берілді.

Шымкентте грек-рим күресінен академик Мардан Сапарбаевты еске алуға арналған халықаралық дода осымен 28-ші рет өткізіліп отыр. Дүбірлі додада еліміздегі облыс, қалалармен қатар, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстаннан келген шетел командалары бақ сынайды. Байрақты бәсекеге қатысып жатқан 250-ден астам спортшы 10 салмақ бойынша өзара мықтыны анықтайды. Айта кетейік, сайыс 3 күнге созылады.

Ермек Байдуашов, Шымкент қаласы №15 жекпе-жек спорт мектебінің директоры: «Әлемнің жартысы біледі бұл жарысты. Өйткені бұл жарыста кезінде Мардан Баймырзаұлының өзінің салмағында күрескендерге көлік тігілген. Бір жылдары түрік балуандары бір жылдары өзіміздің балуандары алған. Бұл керемет сайыстың бірі. Қазіргі таңда өзбек, қырғыз тәжіктің ұлттық құрамалары келді».

Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде сөз алған қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов үшінші мегаполисте грек-рим күресі қарқынды дамып жатқанын жеткізді. Сөзінше, 2018 жылы Венгрияда өткен әлем чемпионатында шымкенттік спортшы Мейіржан Шермаханбет алғаш рет мегаполис қоржынына қола медальді салған. Ал биыл Монғолияда өткен Азия чемпионатында алтыннан алқа тағып келген.

Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Қала әкімі спорт саласына әрдайым қолдау көрсетуде. Өңірімізді грек-рим күресі қарқынды дамып келеді. Мінекей бүгінгі турнирге еліміздің барлық өңірінен шет елден 250-ге жуық балуандар келіп отыр. Осы сәтті пайдалана отырып баршаңызға сайыста сәттілік тілеймін».

Халықаралық турнирдің ашылу салтанатында Азия чемпионы атанған спортшыға темір тұлпар сыйға берілді. Автокөлікке ие болған Мейіржан Шермағанбет еңбегі еленгеніне дән риза. Алдағы уақытта да тыңғылықты жаттығуды жалғастыратын ол, биік белестерге қол жеткізуді көздейді.

Мейіржан Шермағанбет, грек-рим күресінен Азия чемпионы: «Спорт жанашыры ағаларымызға үлкен алғысымды айтамын. Осындай көлік сыйлап жатқанына. Бұл жастарымызды жігерлендіреді, тіпті меніде жігерлендіріп отыр. Соңғы жарыс Азия біріншілігі болды Монғолияда өткен. Ол жерде бірінші орын алдым. Кейін Болат Тұрлыханов турнирінде күрестім. Ол жерде салмақ ауыстырдым. Үлкен салмақта белдесіп, 2 орын алдым. Бұл сайыста күреспегенім жақында ота жасаттым, жарақат алып. Қазір жаттығу жасап жатқаным жоқ. Ем алу үстіндемін».

Мемлекет басшысы байрақты бәскелерде еліміздің намысын қорғап жүрген спортшыларға барынша қолдау көрсетуге тапсырма берген болатын.

Аталған турнирді өткізудегі басты мақсат – үшінші мегаполисте грек-рим күрес спортын дамытып, жастардың осы салаға деген қызығушылығын арттыру. Айта кетсек, жеңімпаздарға табысталатын қаржылай сыйақынының демеушісі академик Мардан Сапарбаевтың ұлы Марат Сапарбаев. Айтуынша әлемге әйгілі болған бұл турнир алдағы уақытта өз жалғасын табады.

Азиза Өтеулиева