Шымкент қаласының әкімі Қаратау ауданының тұрғындарымен кездесті

167

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығына сәйкес, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов әр тоқсан сайын аудан тұрғындарымен жоспарлы есепті кездесу өткізіп жатыр. Бүгін кезекті жиын Қаратау ауданында жалғасты.

Кездесуге 400-ден астам халық, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдері қатысты.

Әкім мегаполисте соңғы 9 айда атқарылған шаруалар туралы баяндап, алдағы жоспарлармен таныстырды. Айтуынша, бүгінгі маңызды аспект — қала бюджеті 2017 жылдан бері 4 есеге өсіп, 133 млрд теңгеден 583,5 млрд теңгеге артқаны. Бұл қаржы әлеуметтің әлеуетін арттыруға, маңызы бар нысандардың салынуына, денсаулық, білім, ауылшаруашылық сияқты түрлі салаларды дамытуға жұмсалып жатыр.

Мәселен, биыл қаладағы денсаулық саласы 100% компьютерлік техникамен қамтылды. Қазіргі таңда қалада 44 емхана, 4 көпсалалы аурухана, 22 компьютерлік томография, 14 магниттік резонанс томографиясы бар.

“Матриалдық-техникалық базаны жаңғырту бойынша биыл жоспарды 79,2%-ға орындадық. Алдағы уақытта 6 емхана мен ПЭТ/КТ сәулелі терапия, 800 орындық университет клиника салуды көздесек, бұған қоса 200 орындық перинетальдық орталық ашуды да жоспарлап жатырмыз”,-деді Мұрат Әйтенов.

Қала басышысы Қаратау ауданының әкімі Р.ахымберді Мулкемановтың 9 айда атқарған есебін де тыңдады. Шенеунік халық сұранысындағы инфрақұрылым жүйелерінің тартылуы, баспанамен қамту, арнайы спорт және балалар алаңшаларының салынуы мәселесінің шешімдері бойынша баяндама жасады.

Бұдан соң тұрғындармен ашық диалог форматында сұрақ-жауап бөлімі басталды. Халықтың басым бөлігі инфрақұрылым, қоғамдық көлік, цифрландыру салалары бойынша сауал жолдады. Барлығы кездесу барысында мәселесіне жауап алды. Шаһар басшысы әр азаматтың пікірі басты назарда болатынын жеткізді.

Айта кетейік, Мұрат Әйтенов жыл басынан бері мегаполистегі елдімекендерді аралау барысында 127 кездесу өткізді. Көтерілген 1020 мәселенің әрбірі жеке хаттамаға енгізіліп, орындалуы жіті бақылауға алынған.